Құқықтық мемлекет құру жолындағы ең маңызды институттардың бірі – сот билігі. Сот тек дауларды қарайтын орган ғана емес, ол – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі. Бүгінгі таңда соттың қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да артып, оның белсенді позициясы әділ сот төрелігінің басты шартына айналуда.
Қазіргі құқықтық жүйеде соттың белсенді рөлі – істі формалды қараумен шектелмей, тараптардың заңмен кепілдендірілген құқықтарының толық әрі нақты іске асуына жағдай жасауынан көрінеді. Бұл – судьяның бейтараптығын сақтай отырып, процестің әділ, ашық және тең жағдайда өтуін қамтамасыз етуі.
Соттың белсенді рөлі ең алдымен тараптардың құқықтарын түсіндіру, олардың дәлелдемелер ұсыну мүмкіндіктерін толық пайдалануына көмектесу, процессуалдық теңдікті сақтау арқылы көрініс табады. Азаматтардың барлығы бірдей заң нормаларын терең біле бермейді. Осындай жағдайда соттың түсіндіруші әрі бағыттаушы рөлі әділ шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, соттың белсенділігі істі жан-жақты, толық және объективті қарауға ықпал етеді. Судья істің мән-жайын анықтауда тек ұсынылған материалдармен шектелмей, заң аясында дәлелдемелердің жеткіліктілігін бағалап, құқықтық шындықтың орнауына күш салады.
Соттың белсенді рөлі дауларды тек шешумен ғана емес, оларды бейбіт жолмен реттеуге ықпал етумен де айқындалады. Қазіргі таңда татуластыру рәсімдері мен медиация институты кеңінен қолданылуда. Судья тараптарға татуласу мүмкіндігін түсіндіріп, келісімге келудің құқықтық салдарын ашып көрсетеді.
Бұл – соттың жазалаушы емес, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған институт екенін білдіреді. Тараптардың өзара келісімге келуі – әділдіктің ең өркениетті көрінісі.
Соттың белсенді әрі әділ қызметі қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Ашық сот процестері, электрондық сот жүйесі, онлайн өтініштер мен сот актілерінің қолжетімділігі – сот билігінің халыққа жақындай түскенін көрсетеді. Бұл өзгерістер соттың қоғам өміріндегі белсенді орнын айқындайды.
Судья үшін ең бастысы – заң мен ар-ожданға адал болу. Әрбір шешімнің артында адам тағдыры, қоғам мүддесі тұрғанын терең сезіну соттың белсенді, жауапты ұстанымын қалыптастырады.
Соттың белсенді рөлі – әділдіктің, заң үстемдігінің және азаматтардың құқықтарының сенімді қорғаны. Белсенді сот – бұл әділ шешім қабылдайтын, тараптардың құқығын тең қорғайтын, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтатын сот.
Судьяның кәсіби біліктілігі мен белсенді ұстанымы әділ сот төрелігінің сапасын арттырып, құқықтық мемлекеттің берік негізін қалайды.
Әділ сот – мықты мемлекет кепілі.
М.МҰЗДЫБАЕВА,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.





