Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев «Қазақстанның үздік тауары» сыйлығының иегері — ЖК «Sem Brand» кәсіпорнына барып, ұжымын жеңісімен құттықтады.
Іссапар барысында А.Ибадуллаев кәсіпорынның фирмалық магазинінің жұмысымен танысып, металлокаркасқа негізделген үстелдер мен орындықтардың сапасын, заманауи дизайнын және сұранысқа ие өнім түрлерін көрді. Кәсіпорынның өндірісті дамытуға, сапа стандарттарын сақтауға және отандық өнім үлесін арттыруға бағытталған жұмысы жоғары бағаланды.
Кездесу барысында кәсіпорын басшысы Бабыр Абилов «Sem Brand» өнімдері қазіргі таңда Қырғызстан нарығына экспортталып жатқанын айтып, алдағы уақытта Ресей Федерациясының нарығына шығару жоспарланып отырғанын жеткізді.
ЖК «Sem Brand»-тың «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша республикалық деңгейде жеңіске жетуі — Түркістан облысы кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін, еңбекқорлығы мен сапаға деген адалдығын айқын көрсетеді.
Алдағы уақытта да осындай табысты, отандық өнім өндіретін кәсіпорындар көбейіп, өңір экономикасының дамуына серпін береді деп сенеміз.



