Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық азаттық арманын жүзеге асырған тарихи күн ғана емес, мемлекетіміздің мәңгілік тұғыры, ұлттық рухымыздың темірқазығы. 1991 жылы күллі әлемге қазақ халқы өзінің елдігін паш етіп, егемендігін жариялады. Осы сәттен бастап жаңа тарих басталып, жаңа мемлекет құру жолында күрделі, жауапты, бірақ мәртебелі міндет жүктелді. Тәуелсіздік бізге тек саяси дербестік ғана емес. Ол — құқықтық мемлекет құру, азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету, заңның үстемдігін орнату сияқты биік құндылықтарды жүзеге асыруға жол ашты.
Әділ сот билігінің қалыптасуы — тәуелсіздікпен келген ең үлкен жетістіктердің бірі. Егемендік алғаннан кейін еліміз демократиялық қағидаттарға негізделген құқықтық реформа жасап, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастырды.
Заң алдында бәрі тең. Бұл қағида — Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі қағидаттардың бірі. Тәуелсіз сот әділетсіздікке жол бермеуге, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауға, қоғамда тұрақтылық пен сенімділік орнатуға қызмет етеді.
Бүгінгі таңда сот билігі — мемлекеттік басқарудың негізгі тармақтарының бірі ретінде өз дербестігі мен жауапкершілігін арттырып келеді. Судьяның шешімі тек заңға ғана сүйенеді. Бұл — мемлекеттің емес, азаматтың құқығы қорғалатын қоғам деген сөз.
Заң үстемдігі — егемендіктің басты тіректерінің бірі болып табылады. Заң үстемдік құрған жерде ғана әділдік орнайды, әділдік орнаған жерде ғана қоғамның берекесі артады. Сондықтан мемлекетіміз жыл сайын құқықтық реформаларды дамытып, заманауи талаптарға сай сот жүйесін жетілдіріп келеді.
Медиация институтының дамуы, цифрлық сот жүйесі, сот кабинеті, ашық сот процестері — бұлардың барлығы азаматтың құқықтық мәдениетін көтеріп, әділдікке қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Бұл — Тәуелсіз Қазақстанның әділдік жолындағы нақты қадамдары.
Тәуелсіздіктің мәңгі болуы — жас ұрпақтың қолында. Жастар патриот, заңға құрметпен қарайтын, адам құқықтарын қадірлей білетін тұлға болып қалыптасуы тиіс. Себебі құқықтық сауатты ұрпақ ғана әділ қоғам қалыптастырады.
Сот жүйесінің өкілі ретінде әр азаматқа айтарым: өз құқығыңызды құрметтей отырып, өзгенің хақысын таптамау — нағыз тәуелсіз елдің азаматына тән қасиет.
Тәуелсіздік — бізге Алланың нәсіп еткен ата-бабамыздың арман-тілегі, бүгінгі ұрпақтың аманаты. Оның қадірін білу, оны қорғау — әркімнің азаматтық борышы. Әділдікті ту еткен құқықтық мемлекет құру — тәуелсіздігіміздің нық тұғырын қалыптастырады.
Тәуелсіз еліміздің төрінде әділдік биік, азамат құқықтары қымбат болсын.
Бірлік пен әділдік — елдігіміздің мәңгілік кепілі.
Айнұр БЕРДАЛИНА,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.





