Фото: Нұрболат Нұржаубай
(Сұқбат емес, сырласу…)
Таныс адамды таныстыру
Қоғам қайраткері, саясаттану саласының философия докторы, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өлмесхан Мәтенұлы Болатбеков есімі Сыр еліне етене таныс.
Алдымен, кейіпкеріміздің өмір деректеріне ден қояйын.
Өлмесханның мамандығы – журналист. Кеңес дәуірінде комсомолда, аудандық партия комитетінде, киноландыру жүйесінде, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде басшылық жұмыстар атқарды.
Қызылорда облыстық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары-арнайы экономикалық аймақ төрағасының орынбасары, білім және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру институты директорының бірінші орынбасары лауазымындағы қызметтерде болды.
Өлмесхан әсіресе «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Кеңестің төрағасы қызметінде жүрген жылдары халықпен жақын араласты.
Мұнан әрі ол ҚР Президенті жанындағы «Орталық Коммуникация Қызметі» директорының, республикалық «Байтақ болашақ» альянсы басқарма төрағасының кеңесшісі, «Нұр Жаусын – Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің директоры қызметтерін атқарды.
Осынша қызметті атқара жүріп Өмекең елдің мұң-мұқтаждығына үнемі алаңдап жүретін азамат есебінде елге танылды.
Бір күні телеарнада сөйлеп жатыр екен: «Қытай дүниежүзін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл елде орта шағын кәсіпкерлік әбден өркендеген. Ел мен жерді аралап жүрген кезде көптеген шаруа қожалығы жетекшілерінің «Мемлекеттен алатын ақша бізге тимейді. Облыс, аудан, ауылға келгенде қаржыны ат төбеліндей ірі шаруа қожалықтары пышақ үсті бөлісіп әкетеді, ұсақ қожалықтар тасада қалып қояды» дегенді жиі естиміз…», – дейді ол.
Өмекеңнің көмейінде көміліп қалатын ештеңе жоқ, ақтарып салады. Депутаттың дауысы осы кісінің аузынан шығады. Бұл адам жайында хабар түсірген облыстық телеарна оны «қағылез қайраткер» деп атапты.
Мен бүгін қағылез қайраткермен қаланы аралап келе жатырмын. «Жаңарған Қызылорданың көрінісіне көз қанықтырып алып, әңгіме құрайық» деген еді, Өмекең.
Әуелі Ескі базар тұсындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы» құрметіне қойылған еңселі ескерткіш аясына тоқтадық.
Тасөрнек төселген алаңдағы саялы дарақтардың көлеңкесіне отырғыштар орнатылған. Бала жетектеген келіншектер аяғын келісті басып, жастар кісі бойынан биік домбыра мүсіні жанына тұра қалып суретке түсіп жатыр.
– Қарашы, қандай әдемі көрініс, – деді Өмекең, – осы жердің шаңы шығып жататын. Жаның демалады. Ертеректе мына жерге амфитеатр түскен еді. Бірақ кейін оның қажет еместігі белгілі болды. Соған біраз қаржы кетті. Бізге «жеті пішіп, бір кесетін» басшылық енді келді ме деймін. Бірақ жақсы болған үстіне жақсы болса екен деген пейілді перделемейін. Осындай әдемі саябақтар қаланың шет аймағындағы «Шанхай», «Титов», «Гагарин», «Бәйтерек» қыстақтарына да салынса ғой. Олар да қала тұрғындары, олар да бір пәс бала-шағасын жетектеп, шат-шадыман күй кешкісі келеді. Осы қазір саябаққа кеткен қаржы «Сабалаққа» жетпей қалды деген пікірлер бас көтеріп тұр. «Ештеңе де жаман емес өмірде, барлық пәле көзің менен көңілде» деп Қадыр ақын айтпақшы, ең бірінші адамның көңіл-күйі шат болуы шарт. Қалғаны да кезеңімен, кезегімен жасалып жатыр.
Жаңа шет аймақтар дедік, сол жақта аяқсу жоқ. Олар аяқсу орнына ауызсуды пайданаланады. Бұл коммуналдық төлемді көбірек қажет етеді. Баяғы қала орталығын қақ жарып аққан «Сарқырама» осы шет аймақтарға дейін жеткен. Сол Сарқыраманы сонау елуінші жылдары қала басшысы болған Долдаш Алисов деген кісі қаздырған. Ол кісі қаланы көркейтуге көп жұмыс атқарды. Іскерлік, ізеттілік иесі есебінде аты қалды. Әрине, ол кездегідей «дарияның толқындарын тартып ала» ағатындай емес, қазір дария деңгейі өте төмен. Дегенмен, суды сорғышпен шығарады, сондықтан шет аймақтар аяқсудан қағажу көрмесе екен деген тілек бар.
Мен Қазақстан қалаларын көп аралаймын. Жұмысым болмаса да өзімше автотуристік саяхат жасауды жақсы көремін. Соңғы жылдардың өзінде Орал, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған қалаларында болдым. Тек қаладан қайтпаймын, алыс ауылдарға, олардың шетінде мал ұстап отырған шаруаларға да соғамын. Құрқол бармай, сыйлығымды, кейде Сыр елін бейнелейтін сувенирлерді ала барамын. Олар қуана қарсы алып, «қонағым көрсін, өзім жеймін» дегендей, қазақы дәстүрмен күтеді. Қызылорда жайында жақсы пікірлерін айтады, ондайда мен қуанамын.
Жаңа біраз қалаларда болғанымды айттым, сол қаладарда біздегідей (осы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған ескерткіш саябағы секілді) саябақтар жоқ. Бұл – біздің қала келбетіне мән беруіміз ғана емес, адамдардың көңілін көтеретін жағдай туғызуға деген жауапкершілігіміз. «Көтермесе көңілді кір басады» дейді қазақ. Жалпы біздің халқымыз көңілге айна деп қарайды, «қалған көңіл – шыққан жан» деп көңіл қалдыруды өлімге апарып тірейді. Бүгінде әлеуметтік желіні жел сөзге, желбуаз ойға желбезек қылып, айқайлап жүретіндер көп. Ал қалаға шықсаң, жаның тыныш табады. Негізі атқарған жұмысың бүгіннің ғана қажеттілігін өтеп қоймайды, ол ертең үшін де құнды. Сондықтан Орталық алаңдағы, Президент паркіндегі, теміржолды жағалайтын Яссауи көшесі бойындағы, Б.Шөкенов атындағы парк, теміржол вокзалы алаңы, мәдениет және демалыс саябақтары мен аллеялар біздің қаланың адам көңілін сәулелендіретін сәулеті деп білемін.
***
Мұнан әрі біз сүліктей «Лексуспен» Яссауи көшесі бойына шықтық. Өлмесхан аға көлікті су бетінде сырғығандай жүргізеді. Жөндеуден өткен тақтайдай тегіс көшелер де көңілді көтереді.
Жаңағы айтқандай, осы жылы абаттандырылған теміржол жағасын тамашалап келеміз. Жайлы ағаш орындықтар, жалтылдап жатқан аяқжолдар жарасымды көрінеді. Бұл көркемдікке кәсіпкерлер де өз үлесін қосыпты, шыныдан салынған гүл сататын дүкен, «Сам мой» көлік жуу орны әрі қажеттілік, әрі әдемі көрініс беріп тұр.
Өмекең осы жерде көшені бойлай қадалған бойшаң қаламшаларға қарап сөз бастады.
«Бөленген көшелері ақ қайыңға…»
Біздің қалаға, баяғы Ақмешіт болып тұрған кезінде ақ қайың көп егілген. Патша үкіметі бұл бекіністі болашақ көрікті қалалардың біріне айналдыруды ойлаған. Ал Кеңес үкіметі келгесін қуғын-сүргін, аштық, жоқшылық басталды, ақ қайыңға қараған ешкім жоқ, содан бұл сұлу ағаштар қурап кеткен. Әйтсе де, бәрі құрып кеткен жоқ-ты. 1950-1960 жылдардың өзінде көшелерде ақ қайыңдар тербеліп тұрған.
Композитор Тәңірберген Қалауов пен ақын Махмұтбай Әміреевтің «Қызылорда вальсі» деп аталатын әні бар ғой. Сонда ақынның:
«Шалқыған шаттық әні бақтарында,
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған Сыр елінің мақтанына», – деп төгілуі, бұл – сол кездегі Қызылорданың бейнесі.
Біраз кісі Махаң жоқ ақ қайыңды қайдан тауып алған деседі, көрмегесін айтады. Қазіргілер Қызылордаға ақ қайың ексе өсер ме еді дейді, елуінші жылдарды естімегесін айтады.
Ал, енді мына талдарға қараңызшы, көше бойлатып қадап тастапты. Цемент арықтар қақсып жатыр. Талдар тамшылатып суаруға көне ме? Бойы үш-төрт метр, оның ұзынабойына нәр барам дегенше, төбесінен күн өткен сияқты, көктегенін көріп тұрсың ба? Ендігі жылы тағы егіледі, тағы тамырынан тырысады. Шіркін, нағыз жасыл жапырақ жайқалып тұратын жер – осы. Пойызбен олай-былай өткен жолаушылар ақ қайыңға көз суарып, қайта айналып көргенше Қызылорданы сағынып жүрер еді.
Е-е, мынау қауынбазарға назар аударыңыз. Қаланыкі емес, колхоздыкіндей. Осыдан бір-ер жыл бұрын «Сыр бойы» газетінен бұрынғы қала әкімі Асылбек Шәменовтің сұхбатын көзім шалып еді. Сол сұхбатта: «Теміржолмен жарыса жүретін Яссауи көшесін абаттандыру жұмыстары да басталмақ. Бұл көше кеңейтіліп, оның бойында түрлі демалыс орындары орналасады. Жоба жасалып, қаржысы шешіліп тұр. «Шұғыла» шағын ауданындағы қауын-қарбыз сататын базар жаңартылады. Кәсіпкерлер нысанды біздің концепсиямызға сай жасайтын болады. Бұл арба итеріп жүретін, көрпе жамылып жататын базар емес, заманауи түрдегі, іші сыртынан көрінетін шыны қабырғалы, қауын-қарбызды қабылдайтын зертханасы, адамдар отырып демалатын дәмханасы бар сәнді базарға айналады…», – деген сөз бар.
Бірақ әлі қарағай қабырғалы ашық-шашық «Алай базар» болып тұр. Ал, көше құрсаулаған көпқабатты үйлердің сырт келбеті сырланып, әдеміленген. Мұны айту керек.
Мынау – Мұстафа Шоқай көшесі, ол төрт жолақты болып тамаша жөндеуден өткен. Міне, ескі автовокзал тұсына да келіп жеттік. Осы маңдағы екі қабатты үйлерді қоршап қойғанын көріп тұрмыз. Әжетханалары сыртқа орналасқан, иістенген жер еді. Бұл үйлердің тұрғындары соңғы жылдары жаңа баспана алып көшті. Енді екі қабатты тозық үйлер озық үлгідегі құрылыстар алаңына айналмақ.
Жалпы қалада соңғы жылдары салынған келбетті ғимараттар көп-ақ.
Күн сүйген келбетіңнен айналайын
Қызылорда – біздің бесігіміз, жер бетін жеті айналсақ та мұндай ыстық мекен жоқ. Сондықтан соңғы жылдары қала келбетін танымастай күйге ендірген аймақ басшысына алғыстан басқа айтырымыз бар ма? Облыс бюджеті 2022 жылы 364 млрд теңге болса, биылғы жылы 851,3 млрд теңгеден асқан. Цифр оқи алатын адам осыдан-ақ қыруар жұмыстың есебін шығарады.
Аймақ басшысының бастамасымен қалада «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, «Атымтай жомарт» атанған белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Бұл әсем ғимараттар қаланың сәулетін арттырып, халық қажетін өтейтін ерекше тарту болды.
Болат Өтемұратов қорының қолдауымен халықаралық талаптарға сай «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы іске қосылды. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынған заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», облыс бюджеті есебінен бой көтерген, тәулігіне 3 мың оқушы түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға бара алатын «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы Қызылорда келбетін күрт өзгерткен өзгеше бет-бейне болды.
Біздің қаланың түнгі көрінісі тіпті керемет. Көше бойы сап түзеген бағаналар басынан диодты жарық шашылып тұрады. Бір блогер жерге қонып келе жатқан ұшақтан түнгі қаланы бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіге «Бұл – Нью-Йорк емес, Қызылорда» деп дәріптеп көрсетіпті. Менімше, орынды мақтаныш. Мен кемпірқосақтай көз арбаған флекс неон шамдарын бағана айтқан қалалардың бәрінен көрген жоқпын.
Бұл да сұлу Сырдың биік талғамы болар.
Сол жағалау – олжа, қалау
Біз қаланы бойлай өтіп, Сырдария көпірі арқылы сол жағалауға жеттік. Өмекең рульде отырып-ақ та мәнді әңгімелерін ағытты. Мен үлгергенімше көшіріп алуға тырысып бақтым.
Тоқтай қалады, түсе салады. Әбжіл, байқампаз, қырағатты.
Бұл жерде де сөз тінін алысырақтан тартты. Мазмұны – мынау.
***
…Тағы да Махмұтбай ақынға соғайық, «дарияның жағасында бір қала бар» деп еді, бүгін қала дарияның екі жағасын тел еміп жатыр.
Сол жағалаудағы мына біз келіп тұрған жаңа Қызылорда – бүгіннің қалауы, ертеңнің олжасы.
Қырымбек Көшербаевтың әкім болып тұрған кезінде басталған игілікті Нұрлыбек Нәлібаев иін қандырып, шырайлы шаһарға айналдырып жіберді.
Бұрынғы кезде Қызылорда мен Гурьевті көрген жұрт «большая деревня» деп атайтын. Тәуелсіздік алған соң Гурьев Атырау болды, көп ұзамай ол бұрынғы «үлкен ауыл» атын мансұқ қылып, мұнайлы астана атала бастады. Сол кездегі облыс басшысы мұнай игеруге келген шетел инвесторлары арқылы қалаға қаражат құйып, зәулім ғимараттар салып, көркін асырды. Ал Қызылорда сол дәрежесінде қала берді.
Қазір біздің қаламыз еліміздегі кез келген облыс орталығымен әсемдік сынына түсе алатындай күйге жетті.
Әсіресе, осы сол жағалауда бой көтерген 9-10 қабатты тұрғын үйлер мен көрікті ғимараттар қаланы жаңаша түрлендірді.
Бой көтеріп жатқан нысандардың бәрі де халық үшін ең қажет орындар. Тарихи- өлкетану музейі, музыка колледжі, автовокзал, теннис орталығы, Жастар орталығы… Мысалы, мына физика-математика мектеп-интернатына зер салыңыз. Ашылғанына жарты ғасыр болған Алматыдағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінен осы кезге дейін еліміздің дамуына ерекше үлес қосқан қаншама тұлғалар түлеп ұшты.
Енді талапты жастар осындай жоғары және сапалы білімді алысқа ат сабылтпай-ақ, өз қаламыздан табады. Бұл керемет жетістік емес пе?!
Осы ғимараттардың бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Қасбетінен бастап, ішкі әлеміне дейін мазмұнына сай.
Маған бір ой келеді, алдағы бой көтеретін нысандар бұлардан да еңселірек болса деймін. Жоғары қарағанда қалпағың төмен түсетін ғимараттарды да көрерміз, әлі.
«Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең, нең қалар?» деуші еді, шешем жарықтық. Сол сөз есіме түскенде қазіргі кезеңде ең керекті нәрселерді бір түгендеп алудың маңызы зор шығар деймін.
Сол «ең керектің» бірі – қаламызда бой көтерген жылу-электр орталығы.
Бұрынғы жылу-электр орталығы сонау 1964 жылы салынған. «Ескіні жамап есің кетеді» демекші, қанша жөндеуден өтсе де енді оның қажетті қуатты өндіре алмайтыны анық.
Сондықтан заманауи үлгідегі 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы қызылордалықтар үшін қалаулы өндірістің басы еді. Ол облыс халқын электр энергиясымен қажет көлемде қамтамасыз етіп, қуатты артық өндіріп басқа аймақтарға сатуға қауқарлы.
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға келді. Президент қаланың жаңа келбетіне, аймақтың даму динамикасына көңілі толатынын мәлім етті, облыстағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
Барды бар деу ләзім, қаланың кіреберіс қақпасына көз салыңыз. Алдыңызда әдемі, үлкен қаланың күтіп тұрғанын сездіреді.
Осындай кіреберіс «аркалар» аудан былай тұрсын, барлық ауылдарға орнатылды. Өйткені, әр аудан, әр ауыл қалаға қарап үлгі алып отыр.
***
Бұл – Өлмесхан Мәтенұлының дарияның арғы жағы мен бергі жағын жағалап, қала аралап жүріп айтқандары. Мәртебелі шындық алдында ғафу өтінем, Өмекеңнің көп сөзін бір мақалаға сыйғыза алмадым.
Ол кісі республикалық телеарналардағы «Талқы», «Ашық алаң» секілді ток-шоуларға жиі шақырылады екен. Маған осы жақтағы ой талқылары тіпті қызық көрінді. Ел жағдайын ойлап, екі өкпесін солықтырған Өмекеңнің ащы да өткір пікірлері еріксіз тыңдатады. Журналистер жүгін жеңілдетіп жатқан адамды қайта-қайта шақырмай қайтсін.
Біз де бір кезегі келгенде елдің жоғын іздеп, барын баянды ететін сол әңгімелерге оралармыз…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





