Қоғамның өркениеттілігі мен рухани деңгейі ең алдымен әйелге деген көзқараспен өлшенеді. Өйткені әйел – өмірдің, мейірім мен ізгіліктің бастауы. Елдің дамуы, ұлттың болашағы – ананың қолында, әйелдің қоғамдағы орнымен тығыз байланысты. Сондықтан әйел құқығының теңдігі – тек әлеуметтік әділеттілік қағидаты ғана емес, ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары әйелдер мен ерлердің құқықтарының теңдігін нақты бекітіп, олардың қоғам өмірінің барлық саласына тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі демократиялық қағидаттардың, адам құқықтарын қорғаудың берік негізі. Конституцияның 14-бабында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына байланысты ешкім кемсітілмеуге тиіс» деп айқын жазылған.
Сот билігінің маңызды міндеттерінің бірі – осы конституциялық қағидалардың іс жүзінде сақталуын қамтамасыз ету. Әйелдердің еңбек, білім алу, отбасы және қоғамдық өмірдегі құқықтарын қорғау – сот жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Әйел құқығын қорғау – қоғамдағы әділдік пен теңдікке бастайтын маңызды қадам. Әрбір әйелдің өз құқығын білуі, оны қорғай алуы – саналы қоғамның белгісі.
Соңғы жылдары елімізде әйелдердің құқықтық мәдениетін арттыруға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар, сот жүйесінің де рөлі зор. Сот шешімдері арқылы әйелдің ар-намысы, отбасы мен бала алдындағы жауапкершілігі, қоғамдағы орны қорғалып келеді.
Әйел құқығын құрметтеу – болашақ ұрпақтың да адамгершілік деңгейіне әсер етеді. Анасы теңдік пен әділдік көрген ұл-қыз ешқашан зорлыққа жол бермейді, өзгеге қиянат жасамайды. Саналы, құқықты ұрпақ – мейірімді ананың, құрметті әйелдің тәрбиесінен бастау алады.
Елімізде әйелдер мемлекеттік қызметте, ғылымда, сот жүйесінде, бизнесте және қоғамдық салада табысты еңбек етіп келеді. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған гендерлік саясаттың және қоғамдағы көзқарастың оң өзгерістерінің айғағы. Әйелдердің белсенділігі мен білімділігі – елдің өркендеуіне серпін беріп отыр.
Сондықтан әрбір азамат әйелге деген құрметті өмірлік қағидасына айналдыруы тиіс. Әйелге құрмет – ұлтқа құрмет. Әйел құқығының қорғалуы – мемлекеттің өркениетінің көрінісі. Ал әйел мен ердің теңдігі орнаған жерде әділдік пен бейбітшілік салтанат құрады.
Әйел құқығының теңдігі – тек құқықтық норманың сақталуы емес, ол саналы, парасатты ұрпақтың, берекелі қоғамның кепілі.
Г.УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.