Түркістан қаласында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен экономикалық саясат және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесу өтті.
Іс-шараға ҚР Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 200-ге жуық адамды құрады.
Күн тәртібінде салық саясатын жетілдіру, бизнесті қолдау және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салық жүйесін жаңғырту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту үшін артық ауыртпалықтар алынып, жаңа кәсіп бастап жатқан азаматтарға қолдау көрсетілетінін айтты. Оның сөзінше, халықтың әл-ауқатын арттыру мен ел экономикасын дамыту — өңірдің басты басымдығы болып табылады.
Өз кезегінде ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінің негізгі нормалары туралы жан-жақты түсіндіріп өтті. Ол бизнесті қолдау шаралары, арнайы салық режимдерінің өзгерістері, қосылған құн салығының мөлшерлемесі және салық әкімшілендіруді жеңілдету бағыттары бойынша нақты ақпарат берді.
Жаңа Кодексте салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтар қарастырылған. Атап айтқанда, салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту, салық түрлерін 20%-ға азайту, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, дифференциалды ставкаларды енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ сән-салтанат тауарларына салық жүктемесін арттыру көзделген.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Олар өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды. ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бизнес өкілдерінің ұсыныстары арнайы штаб отырысында қаралатынын атап өтіп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы жалғасатынын жеткізді.