Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Биыл жыл басынан бері қала аумағында 304 шақырым жолға асфальт төселді. Оның ішінде Абай ауданында – 80,4 шақырым, Тұран ауданында – 60,7 шақырым, Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым, Қаратау ауданында – 78,5 шақырым, Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым. Бұл жұмыстар шалғайдағы елді мекендердің орталықпен байланысын нығайтып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге елеулі үлес қосуда. Жалпы ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды. Бұл бағыт Тоғыс тұрғын алабын қамтып, Мұнайбарлаушылар көшесінен бастап «Көл» аялдамасына дейін қатынайды. Жобаның алғашқы кезеңі пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды.
Жаңа бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыра түсті.