Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі мен «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында бірлескен мәжіліс өткізді.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков, облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Умбеталиев, Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ аппарат басшысы Бердібай Күзембаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапты басшылары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетін түйткілдің бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін беру мен рәсімдеудегі олқылықтар. Жиында облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті мен Жер қатынастары басқармасының өкілдері сот тәжірибесінде жиі кездесетін мәселелерге тоқталды.
Бастапқыда заң талаптары сақталмай берілген жер учаскелері кейін жарамсыз деп танылып, адал кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Бұл ретте «Зерде-Агро» шаруа қожалығының 400 млн теңгелік алма бағын дамыту жобасы сот шешімінен кейін тоқтап қалуы – нақты мысал ретінде айтылды.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай жағдайлардың бизнестің дамуына кедергі келтіретінін айтып, Президенттің «адал еңбек еткен кәсіпкерлерге бөгет жасамау» туралы тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін тағы бір мәселе – көшпелі сауда нүктелерін орналастыру. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының дерегінше, Түркістан облысы бойынша 206 сауда орны айқындалғанымен, барлық орындар кәсіпкерге берілмеген. Мәселен, Түркістан қаласы блйынша 55 орын белгіленсе, оның тек 17-і ғана берілген.
Бұл – халық көп шоғырланатын жерлерде шағын кәсіпке мүмкіндік аз дегенді білдіреді. Түркістан қаласында қазіргі таңда 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр, бірақ сарапшылар бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін айтты.
Сондықтан Палата өкілдері бәсекелестікті арттыру үшін сауда орындарын ашық конкурс арқылы беру тетігін енгізуді ұсынды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков барлық аудан, қала әкімдігіне осы мәселені қолға алып, анализ жасап, жолға қойылуын Кәсіпкерлік басқарма басшысына тапсырды.
Жиында мемлекеттік сатып алу жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы орынбасары тапсырыс берушілер тарапынан жиі кездесетін қателіктерді атады.
Ал Палата сарапшылары адал кәсіпкерлердің кейде негізсіз түрде «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізілетініне тоқталды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келтіріп, олардың әрі қарай мемлекеттік тапсырысқа қатысуына кедергі жасайды.
Мәжілісте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, жер қатынастары, шағын бизнесті дамыту және мемлекеттік сатып алу салаларындағы жүйелі проблемалар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.
Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев кәсіпкерлердің пікірін ашық айтуының маңыздылығына тоқталып:
«Бізге әрбір кәсіпкердің дауысы маңызды. Жер, сауда орындары немесе мемлекеттік сатып алу болсын – кәсіпкерлердің құқығы қорғалмайынша өңірде бизнес дамымайды. Сондықтан біз әрбір мәселені ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздеуге дайынбыз», – деді.