2025 жылғы 27 қыркүйекте Түркістан қаласындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өңірлік көрме өтті.
Шараға Түркістан облысының 50-ге жуық кәсіпкері қатысып, жергілікті шикізаттан дайындалған өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде қолөнер бұйымдары, бал, құрт, кептірілген жемістер мен жидектер, сүт және кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, табиғи сабын және басқа да тауарлар ұсынылды. Негізгі талаптардың бірі – өнімнің жарамдылық мерзімі кемінде 5 күн болуы.
Көрме қорытындысында 10 жартылай финалист анықталды. Олар келесі кезеңде Бренд комитетінің іріктеуінен өтеді. Арнайы комиссия үздік шыққан үш финалисті таңдап, оларға 5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа үміткер болу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП тарапынан кәсіпкерлерге өнімді ілгерілету және бренд қалыптастыру бойынша қолдау көрсетілмек.
Көрме этномәдени бағдарлама, шағын және орта бизнес жәрмеңкесі мен концерттік қойылымдар арқылы ерекше мерекелік көңіл-күйде өтті.