Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі барлық 61 медициналық ұйым дәрілік заттарды «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы беруді қолға алды. Енді тұрғындар қағаз рецептен бөлек QR-код арқылы да жеңілдетілген тегін дәрілерін ала алады.
Биыл қалада 619 мыңнан астам рецепт рәсімделсе, оның 562 мыңға жуығы «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз етіліп, жоспардың 90,1 пайызы орындалды. Сонымен қатар, EGOV қосымшасын қолданбайтын науқастар дәрілерін 1414 СМС-коды арқылы алуда.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы — медициналық қызметтерді цифрландыру бағытындағы маңызды жаңалық. Бұл жүйе дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен алудың ашық әрі тиімді механизмін қамтамасыз етеді. Қазір жобаның арқасында рецепттер электронды түрде рәсімделіп, пациенттер дәрі-дәрмектерді қаладағы дәріханалардан ыңғайлы түрде ала алады.
Жоба іске қосылғаннан бері дәрі-дәрмек айналымының ашықтығы артты. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, дәрі-дәрмек тапшылығы мен заңсыз сатылымның алдын алуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік топтарға тиесілі дәрілердің нақты уақыттағы мониторингі жүргізіліп, дәріханалардағы қорлары жүйелі түрде жаңартылып отырады.
Шымкент қаласында «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізу арқылы медициналық қызмет сапасы артты. Науқастарға арналған қолжетімділік пен қызмет көрсету жылдамдығы жақсарды. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін маңызды, өйткені олар дәрі-дәрмекті уақтылы және қиындықсыз ала алуда.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу жүйесі дамыды. Енді дәрігерлер электронды рецептілерді оңай бақылап, науқастың емдеу тарихын көре алады. Бұл дәрі-дәрмектерді дұрыс қолдануға, дәрігерлік қателіктерді азайтуға және емдеу процесін тиімді басқаруға ықпал етеді.
Қала әкімдігі «Әлеуметтік әмиян» жобасының аясында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары мен медициналық мекемелер арқылы тұрғындар электронды рецепттерді қалай алу керектігі туралы кеңінен хабардар етілуде.
Алдағы уақытта «Әлеуметтік әмиян» жобасы негізінде медициналық қызметтердің басқа бағыттарын да цифрландыру жоспарлануда. Мысалы, электронды карта, емханаларға онлайн жазылу, дәрігермен қашықтан консультация алу секілді мүмкіндіктер енгізіледі деп күтілуде.
Жалпы, бұл жоба Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласын жаңғыртудағы маңызды кезең болып табылады. Ол халықтың денсаулығын қорғауда, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда үлкен роль атқарады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/ENdIEuXzCf4?si=HK7WfYl07_7aLM_o #РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ