Қазақстан Республикасының сот жүйесі соңғы жылдары біршама жетілдірілді. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында бұрын тиімсіз болған кейбір нормалар қолданыстан алынып, орнына заманауи талаптарға сай, тәжірибемен қалыптасқан жаңа құқықтық тетіктер енгізілді. Солардың бірі – 2015 жылғы 31 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіндегі (АПК) оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі.
Бұл институттың негізгі мақсаты – азаматтық істерді артық уақыт пен шығынсыз, сот отырысын өткізбей, тараптарды шақырмай-ақ, тек құжаттарды зерделеу арқылы қарау. Яғни азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды тиімді әрі жедел қамтамасыз ету.
Оңайлатылған іс жүргізудің басты ерекшелігі – талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін екі мың айлық есептік көрсеткіштен, ал жеке кәсіпкерлер мен азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын істер осы тәртіппен қаралады. Сондай-ақ, талап бағасына қарамастан, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін айқындайтын немесе шарт бойынша берешекті растайтын құжаттар негізінде қойылған талаптар да осы санатқа жатады.
Алайда, алимент өндіру туралы және балалардың құқықтарына қатысты істер бұл тәртіпте қаралмайды. Бұл – балалардың мүддесі бірінші кезекте қорғалатынын көрсететін маңызды қағида.
Судья істі оңайлатылған тәртіпте қарау туралы шешімді талап арызды сот өндірісіне қабылдау сәтінде белгілейді. Бұл туралы арнайы ұйғарым шығарылады. Істер, әдетте, электронды форматта жүргізіледі, бірақ тараптардың өтініші бойынша қағаз нұсқада да қаралуы мүмкін.
Тараптар істің осы тәртіпте қаралатыны туралы дер кезінде хабардар етіледі. Сот «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі, электрондық пошта немесе ұялы байланыс құралдары арқылы хабарлама жібереді. Хабарламада тараптарға дәлелдемелерді ашу құқығы мен татуласу рәсімдерін пайдалану мүмкіндігі көрсетіледі.
Жауапкер өз қарсылығын немесе талапты мойындауын сот белгілеген мерзімде жазбаша түрде білдіруге міндетті. Ал егер жауапкер қарсы пікір бермесе, бұл сот шешім қабылдауына кедергі болмайды.
Дегенмен, істі жалпы тәртіпте қарауға ауыстыруға негіз болатын жағдайлар да бар. Мәселен:
* тараптың сот отырысын өткізуді өтінуі;
* үшінші тұлғалардың іске қатысуы;
* қарсы талап қойылуы;
* куә жауабын тыңдау немесе сараптама тағайындау қажеттілігі туындаса.
Судья талап арыз түскен күннен бастап бір ай ішінде істі қарап, шешім қабылдайды. Шешім қысқаша түрде, яғни кіріспе және қарар бөліктерден тұрып шығарылады. Бірақ тараптардың өтініші бойынша толық уәжделген шешім де дайындалуы мүмкін.
Маңызды жайт – тараптар сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бітімгершілік келісім жасасуға құқылы. Бұл соттың татуластырушы рөлін де күшейтеді.
Егер жауапкер істің осы тәртіппен қаралатыны туралы уақтылы хабарланбаса және өз уәждерін ұсына алмаса, онда ол сот шешімінің күшін жою туралы арыз бере алады. Мұндай жағдайда іс жалпы тәртіппен қаралады.
Оңайлатылған іс жүргізу тәртібі сот шығындарын азайтуға да ықпал етеді. Тараптардың адвокатқа немесе заң кеңесшісіне жұмсаған шығындары тек кеңес беру, арызды дайындау және сотқа дейінгі рәсімдермен шектеліп өтеледі.
АПК-дағы оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі – азаматтық істерді қараудың тиімді әрі қолайлы жолы. Бұл институт сот төрелігін қолжетімді, ашық және жедел етуге бағытталған. Азаматтар үшін бұл уақыт пен қаражатты үнемдеудің, ал мемлекет үшін сот жүйесін жетілдірудің маңызды қадамы болып отыр.
С.АЯПОВ,
Түркістан облысы,
Арыс аудандық сотының судьясы.






