Абай ауданы аумағында қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық әкімдік пен құзырлы мекемелер бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Осындай бақылау жұмыстары барысында Әл-Фараби көшесінің жалғасы бойында белгіленбеген орынға бей-берекет қоқыс төгіп жатқан жүк көліктері анықталды. Арнайы құрылған мобильді топтың шұғыл араласуы нәтижесінде заңсыз қоқыс тастап жатқан жүк көліктері ұсталып, құжаттары тексерілді. Тексеру нәтижесінде аталған көліктер экологиялық нормаларды өрескел бұзғаны белгілі болды.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, құқық бұзған жүк көліктері айыптұрағына қойылып, көлік иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, қоқыс төгілген жер учаскесінің меншік иесі де анықталып, аудандық ішкі істер бөліміне (РОВД) жеткізілді. Қазіргі таңда ол азаматтан түсініктеме алынып, заңнама аясында жауапкершілікке тарту шаралары қарастырылуда.
Бұл жағдай – ауданда қоршаған ортаның ластануына жол берілмейтінін және заңсыз әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатынын көрсетіп отыр. Аудан әкімдігі тұрғындарға, кәсіпкерлерге және көлік жүргізушілеріне экологиялық нормаларды бұзбауға, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға ғана тастау қажеттігін ескертеді.
Қоршаған ортаны қорғау – тек жергілікті билік органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан әрбір азамат пен кәсіп иесі экологиялық тәртіпке бей-жай қарамауы тиіс. Бей-берекет қоқыс тастау – табиғатқа жасалған зиян ғана емес, сонымен қатар заң бойынша жазаланатын әрекет.
Алдағы уақытта мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында бақылау жұмыстары күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері арқылы мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті арттыру бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар жалғасын табады.