Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында стратегиялық міндет қойды – адами капиталға жүйелі инвестициялар арқылы Әділетті Қазақстан құру. Бұл тапсырма Үкімет атқарып жатқан кешенді жұмыстың негізіне айналды. Ол баршаға қолжетімді әрі заманауи білім беруге және ғылыми орта қалыптастыруға бағытталған. Жүйе мектепке дейінгі тәрбиеден бастап алдыңғы қатарлы зерттеулерді қолдауға дейінгі барлық сатыны қамтиды. Осы арқылы елдің болашағын айқындайтын берік негіз қаланып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі нығаяды және әрбір азаматтың өмір бойы дамуына жағдай жасалады.