Еліміздің барлық өңірінде білім сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылы құрылысы жүріп жатқан 232 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда, олардың жалпы сыйымдылығы – 267 мың орын. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге тікелей қадам болып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда: 2025 жылы 245 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Қосымша 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылады. 680 ұйым үшін 1,1 мыңнан астам заманауи пәндік кабинет сатып алынуда.
Цифрландырудағы маңызды қадам – мектеп оқулықтарының 100%-ын интерактивті мазмұнды электрондық форматқа толық көшіру. Бұл оқу үдерісін анағұрлым икемді әрі қолжетімді етті.
Жұмыстың басты бағыттарының бірі – әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін инклюзивті орта қалыптастыру. Бүгінде мектептердің 90%-да инклюзивті білім беруге жағдай жасалған, 85% бала қажетті қолдау алуда.
Арнайы ұйымдардың желісі кеңейтілуде: 508 мекеме жұмыс істейді, 121 қолдау кабинеті ашылды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші штаттары енгізілді. Алдағы уақытта үздіксіз инклюзивті білім берудің Ұлттық орталығын құрып, сондай-ақ «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» Заң әзірлеу жоспарланған.