Қазақ халқы үшін тіл – ұлттың айбыны, рухтың алтын қазығы. Ана тіліміз – ғасырлар қойнауынан жеткен қасиетті мұрамыз. Ол – тарихымыздың да, мәдениетіміздің де, рухани тіршілігіміздің де айнасы. Әр халықтың өміршеңдігі, елдігінің тұғыры ең алдымен тіліне деген құрметінен көрінеді. Сондықтан «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» деп бекер айтылмаған.
Сот маманы ретінде өз тәжірибемнен тілдің құқықтық саладағы рөлін айқын көремін. Сот – халықтың әділдік іздеп баратын ең биік мінбері. Егер соттағы әрбір үкім, әрбір қаулы, әрбір сөз ана тілінде түсінікті, айқын айтылса, азаматтардың құқығы толығымен қорғалады. Ал егер тіл қолданысы шектеулі болса, халық әділдікке күмәнмен қарайды. Сондықтан мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – әділеттіліктің кепілі.
Бүгінде елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Дегенмен әлі де болса кейбір ресми құжаттардың, өтініштердің өзге тілде жазылып жататыны жасырын емес. Мұндайда азаматтың өз тілінде ойын еркін жеткізе алмауы – оның құқығына белгілі бір деңгейде шектеу қояды. Сондықтан сот қызметкерлерінің басты міндеті – мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, әр құжатты, әр сөзді ана тілінде сауатты жеткізу.
Тіл мәдениеті – маманның кәсіби келбетінің айнасы. Сот жүйесінде қызмет еткен әрбір жан сөздің құдіретін сезініп, заң тілін халыққа түсінікті етіп жеткізе білуі тиіс. Бұл – тек заң талабы ғана емес, адамгершілік пен адалдықтың да өлшемі. Әділдікке жүгінген азаматтың көкейіндегі сұрағы айқын жауап табуы үшін оның тілінде сөйлеу – ең басты парызымыз.
Ана тілінің қадірі – елдің тәуелсіздігімен тікелей байланысты. Егер біз өз тілімізді құрметтеп, оны күнделікті тұрмыста да, ресми салада да кеңінен қолдансақ, болашағымыз берік болады. Бабалардан жеткен аманат – тілімізді ардақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бұл – болашаққа қалдырылатын ең үлкен қазына.
Тіл – жай ғана қатынас құралы емес. Ол – тарихтың дауысы, жүректің үні, халықтың жаны. Әрбір сөзімізде ата-бабамыздың ізі, әрбір сөйлемімізде ғасырлық даналық жатыр. Сот маманы ретінде мен тілдің осындай ұлы миссиясын күнделікті еңбекте сезінемін. Әрбір істі қарап, шешім шығарарда әділдікпен бірге тіл тазалығын сақтау – мен үшін үлкен жауапкершілік.
Сондықтан,тілімізді тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде қолданайық. Құжатымызды, өтінішімізді, қарапайым әңгімемізді ана тілімізде жүргізейік. Сонда ғана біз ұлт болып ұйысамыз, болашаққа нық қадам жасаймыз.
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» деген сөз – жай ұран емес, өмірлік қағидаға айналуы тиіс. Халық бар жерде тіл бар, тіл бар жерде ұлт бар. Ұлты бар ел ғана – мәңгілік!
Қ.КЕМЕЛБЕКОВ,
Шымкент қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының сот приставы.