Бүгін қаламызда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым мен министрлік өкілдері, қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп директорлары, ұстаздар қатысты.
Жиынға арнайы келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы міндеттерді атап өтті. Мемлекет басшысының білім беру саласына ерекше қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу жылының басталуы – тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Қалада соңғы екі жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған қоса, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін ұлттық жоба аясында тағы 12 жаңа мектеп салынған. Алдағы екі жылда 37 мектептің құрылысы жоспарланып отыр.
2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың балалары 100 пайыз мектеп формасымен қамтылып келеді. Сондай-ақ, балабақшаларда да әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін тегін орындар қарастырылған. Жоғары оқу орындарында қазір еңбек нарығына қажетті мамандықтарға мемлекеттік гранттар саны артып отыр. Соңғы екі жылда 285 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар іс-шарада ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек сіңірген сала қызметкерлері марапатталды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі