Қазақстан Республикасы Конституциясы – халқымыздың тәуелсіздігін нығайтып, мемлекетіміздің дамуының берік іргетасын қалаған тарихи құжат. Ата Заң – еліміздің саяси және құқықтық жүйесінің негізі, демократиялық қағидалардың кепілі, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбіт өмірдің тірегі. Ол әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығын қорғап, мемлекет пен азамат арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындап берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің алдында күрделі сынақтар тұрды. Экономиканы дамыту, саяси жүйені қалыптастыру, көпұлтты қоғамда бірлікті сақтау үшін мызғымас құқықтық негіз қажет болды. Осы тұста қабылданған Конституция Қазақстанның даму жолын анықтап, жаңа тарихымыздың басты бағдарына айналды. Бүгінде ол елдің тыныштығы мен татулығын сақтап, болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік беріп отыр.
Ата Заңымыздың басты құндылығы – адам және оның құқықтары. «Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» деп жазылған қағида еліміздегі әрбір мемлекеттік органның, сот пен құқық қорғау жүйесінің жұмысында негізгі басшылыққа алынады. Әрбір азамат заң алдында тең, ешкімнің артықшылығы жоқ. Әділ сотқа жүгіну құқығы кез келген қазақстандыққа берілген мүмкіндік. Бұл – құқық үстемдігінің және демократиялық мемлекет болудың нақты белгісі.
Конституция – жас ұрпақтың болашағына сенім ұялататын құжат. Онда білім алу, еңбек ету, денсаулықты қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты адамның негізгі құқықтарына кепілдік берілген. Бұл жастарға өз қабілетін жүзеге асырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуға жол ашады. Сондықтан жас буынды Ата Заңды құрметтеуге, оның талаптарын орындауға тәрбиелеу – қоғамның ортақ міндеті.
Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Экономикалық даму, әлеуметтік реформалар, ғылым мен білімнің өркендеуі – мұның барлығы Конституция бекіткен берік құқықтық негіздің жемісі. Біз болашаққа сеніммен қарап, өркениетті елдер қатарында өз орнымызды нығайтып келеміз.
Қазақта «Береке басы – бірлік» деген даналық сөз бар. Ал ел бірлігінің, тұрақтылығы мен дамуының негізі – Конституция. Оны құрметтеу – әрбір азаматтың парызы, орындау – міндеті.
Қ.КЕМЕЛБЕКОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот приставы.