Шымкент қаласы еліміздегі үшінші мегаполис ретінде жыл сайын дамып, халық саны да айтарлықтай артып келеді. Халықтың көбеюі мен қала аумағының кеңеюі тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемін арттырып, экологиялық мәселелерді шешуді талап етеді. Бұл ретте қаланың әрбір ауданының үлесі зор. Солардың ішінде Абай ауданы да тұрмыстық қалдықтарды басқару ісіне белсенді түрде атсалысып келеді.
2023 жылдан бастап Шымкент қаласында барлық қалдықтар Ақтас елді мекеніндегі 34 гектар аумақта орналасқан жаңа полигонда қабылдануда. Бұл полигон қазіргі заман талаптарына сәйкес салынып, «Шымкент сушар» мекемесінің теңгеріміне берілген. Мұнда қалдықтарды сұрыптау, көму және қайта өңдеуге жіберу жұмыстары бір орталықтан ұйымдастырылған.
2025 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласы бойынша барлығы 132 528 тонна қалдық шығарылды. Оның ішінде 42 357 тоннасы немесе 32 пайызы сұрыпталса, 984 тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Дегенмен, статистика көрсеткендей, қалдықтардың негізгі бөлігі – 131 544 тоннасы, яғни 99,3 пайызы әлі де көмуге жіберіліп отыр. Бұл көрсеткіш қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу ісінің жеткілікті деңгейге жетпегенін аңғартады.
Абай ауданы аумағында қалдықтарды жинау және тасымалдаумен бірнеше компания айналысады. Әрбір тұрғын үй ауласында арнайы контейнерлер орнатылған. Оның ішінде пластикке арналған бөлек жәшіктер, құрғақ және ылғалды қалдықтарға арналған ыдыстар, сондай-ақ сынап құрамды қалдықтарға арналған арнайы контейнерлер бар. Мұндай жүйе қалдықтарды сұрыптауды жеңілдетіп, қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қалдық тасымалдайтын көліктердің басым бөлігі GPS қондырғыларымен жабдықталған. Бұл жүйе қоқыс жинау кестесін нақты бақылауға, заңсыз қоқыс тастау фактілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында қалада «Шымкент қаласының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» (2020–2025 жылдарға арналған) қабылданған. Осы жоспар аясында Абай ауданында да бірқатар жұмыстар іске асуда. Атап айтқанда, бей-берекет шашылған қоқыс үйінділерін жою, көгалдандыруды күшейту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған түсіндіру акциялары ұйымдастырылып келеді. Мысалы, мектеп оқушылары мен жастар арасында сенбіліктер өткізіліп, жасыл аймақтарды көбейтуге еріктілер жұмылдырылуда.
Алдағы уақытта Абай ауданында тұрмыстық қалдықтарды басқару жұмыстары жүйелі жалғасын табады. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында аудан аумағында рейдтік шаралар жүргізіліп, заңсыз қоқыс тастайтын орындарды анықтау жоспарлануда. Сонымен бірге, қалдықтарды сұрыптау инфрақұрылымын жетілдіру, қайта өңдеу көлемін ұлғайту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Абай ауданындағы тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі – Шымкент қаласының жалпы экологиялық дамуы үшін маңызды. Қалдықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін өңделмей көміліп жатқаны белгілі бір қауіп төндіреді. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін аудан әкімдігі, тиісті мекемелер және ең бастысы – жергілікті тұрғындар күш біріктіргені абзал. Экологиялық мәдениет әр азаматтың күнделікті әдетіне айналғанда ғана қала табиғаты мен тұрғындардың денсаулығы үшін қолайлы орта қалыптаспақ.