Қазіргі заманда интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас, сауда-саттық және мемлекеттік қызметтерді онлайн орындау мүмкіндігі уақытты үнемдеп, жұмыс тиімділігін арттырады. Дегенмен, цифрлық кеңістіктің дамуы жаңа қауіптерді де ала келді. Солардың бірі – интернет-алаяқтық.
Интернет-алаяқтық – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтардың мүлкін немесе жеке деректерін заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық әрекеттер. Мұндай қылмыстардың түрлері көп: жалған интернет-дүкендер, фишингтік сайттар, әлеуметтік желілер арқылы алдау, жалған инвестициялық платформалар, банктік деректерді ұрлау, тіпті танымал тұлғалардың атымен жалған хабарламалар тарату сияқты айла-тәсілдер күннен-күнге артып келеді.
Мұндай қылмыстардың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Біріншіден, интернетте жеке мәліметтерді (ЖСН, банк картасының нөмірі, құпиясөз, SMS-код) ешқашан бөтен адамға бермеу қажет. Қауіпсіздік мақсатында тек ресми сайттар мен тексерілген қосымшаларды пайдалану керек. Банктен немесе мемлекеттік органнан хабарласып, деректер сұраған адамдарға еш сенбеу маңызды – себебі шынайы ұйымдар телефон арқылы құпия деректерді сұрамайды.
Екіншіден, интернет-дүкендерден тауар сатып алғанда сатушының сенімділігін тексеру қажет. Пікірлерді оқып, компанияның ресми байланыс деректерін қарау, алдын ала төлем жасаудан сақтану – қаржыны қорғаудың негізгі тәсілдерінің бірі. Әлеуметтік желілерде сыйлық немесе жеңіл ақша ұсынатын күмәнді сілтемелерден аулақ болу да маңызды.
Үшіншіден, әр азамат киберқауіпсіздік дағдыларын үйреніп, өз құрылғыларын қорғауы керек. Компьютер мен смартфонда лицензияланған антивирустық бағдарламалар орнату, бағдарламалық қамтылымды уақтылы жаңарту, күрделі және әртүрлі құпиясөздер қолдану – интернет-алаяқтарға тосқауыл бола алады.
Мемлекет те бұл бағытта жүйелі шаралар атқаруда. Киберқылмыспен күрес бөлімдері құрылып, алаяқтыққа қатысты істер жедел тергеледі. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық науқандар, оқу тренингтері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, интернет-платформалармен бірлесіп, күмәнді аккаунттар мен сайттарды бұғаттау жұмыстары жүргізілуде.
Интернет-алаяқтықтың алдын алуда ең маңыздысы – халықтың сақтығы мен жауапкершілігі. Әрбір азамат өз деректерінің құпиялылығын қорғап, күмәнді әрекеттерді дереу құқық қорғау органдарына хабарласа, қылмыстардың көп бөлігіне жол бермеуге болады.
Цифрлық дәуірдің артықшылықтарын толық пайдалану үшін қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана интернет-алаяқтыққа тосқауыл қойып, қоғамның сенімді әрі қауіпсіз цифрлық болашағын қамтамасыз ете аламыз.
Сержан АЙНАБЕКОВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.