Шымкент қаласы Абай ауданы — халық тығыз орналасқан ірі әкімшілік аумақтардың бірі. Аудан көлемінде инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында соңғы жылдары бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтқанда, ауыз су жүйелерін жаңарту және тұрғындарды сапалы сумен қамту бағытында Жиделі, Ынтымақ-2, Батыс, Ақжар, Құрсай шағынаудандарында және Жаңа Тұрлан, Нұрсәт көшелерінде жаңа су құбырлары тартылды. Бұл жобалар ескі құбырларды жаңғыртып қана қоймай, бірінші рет орталық жүйеге қосылып отырған аймақтардың мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Электр желілерін жаңарту мақсатында Абай, Игілік, Достық, Ақсай, Шұғыла, Ұлан көшелерінде ескі трансформаторлар жаңартылып, заманауи құрылғылармен алмастырылды. Жарық сапасы мен тұрақтылығы артып, тұрғындардың шағымдары азайды. Сонымен қатар, түнгі жарықтандыру жүйесі де кеңейіп келеді. Қалалық бюджет есебінен Арғынбеков, Сайрам, Өтеген батыр, Жібек жолы, Алтынтөбе, Тельман көшелерінде жаңа LED шамдар орнатылып, қауіпсіз орта қалыптастырылды.
Табиғи газбен қамту да — аудан әкімдігінің басты назарындағы мәселе. Қазіргі таңда Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Төле би, Ақтас, Айкөл тұрғын алаптарында газ тарту жұмыстары жүргізілді немесе толық аяқталу үстінде. Бұл тұрмыстық жағдайды жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да зиянды шығарындылардың азаюына ықпал етуде.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Алтынсарин, Байдуков, Қосқорған, Қазығұрт, Жайлау, Абылайхан, Қаратөбе көшелеріне жаңа асфальт төселді. Қала орталығына жақын орналасқан бұл көшелердің жол сапасы артты. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен пандустар орнатылып, жол белгілері жаңартылды. Қоғамдық көліктер жиі жүретін бағыттарда аялдамалар орнату жұмыстары жүргізілуде.
Кәріз жүйесін жаңарту мен жаңбыр суын ағызу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Ақжайық, Ақжар, Игілік, Таскен тұрғын алаптарында арық жүйелері жөнделіп, су өткізу қабілеті арттырылды. Бұл — жазда сел, қыста көктайғақ сынды мәселелердің алдын алуға мүмкіндік бермек.
Бұған қоса, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар негізінде үйлерге реттік нөмір тақтайшалары орнатылып жатыр. Бұл көше атаулары мен үйлердің нақты мекенжайын анықтап, пошта қызметін және жедел қызметтердің жұмысын жеңілдетеді.
Барлық осы жұмыстар аудан әкімдігінің жүйелі жоспары, сала мамандарының белсенді еңбегі және тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асып жатыр. Алдағы кезеңде де инфрақұрылымдық жобалар жалғасын тауып, Абай ауданының келбеті одан әрі жақсара түспек.