Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 2025 жылдың 16-20 маусымы аралығында қаланың төрт ауданында көшпелі кездесу өткізді. Соның ішінде Абай ауданы тұрғындарымен ашық әрі мазмұнды жүздесу барысында елді мекендердің инфрақұрылымына, абаттандыру мен жол сапасына, қоғамдық көлік, жарық, тазалық, білім мен денсаулық сақтау сынды маңызды бағыттарға қатысты көптеген мәселелер көтерілді.
Абай ауданы – Шымкенттің ең ірі әрі халқы тығыз қоныстанған аумақтарының бірі. Бұл ауданға қарасты елді мекендерде шешімін қажет ететін инфрақұрылымдық түйткілдер жеткілікті. Қала әкімімен өткен кездесу барысында тұрғындар нақты сұрақтар қойып, көптен шешілмей келе жатқан мәселелерге назар аударуды сұрады. Әкім өз кезегінде барлық көтерілген мәселелерді жіті тыңдап, жауапты басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Кездесу нәтижесінде көптеген өтініштер жедел қаралып, бірқатары дереу орындалды. Мәселен, Ақбосаға көшесінің тұрғындары аялдама павильонының қажеттілігін айтты. Бұл өтініш назарға алынып, аялдама павильондарын орнату жұмыстары басталды. Бүгінде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл – тұрғындардың қоғамдық көлікті күту кезіндегі жайлылығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, аудандағы кейбір көшелердің жол белгілері мен қауіпсіздік шаралары реттелді. №15 мектеп-лицейі маңындағы көлік қозғалысы жиі болатын аймаққа жасанды жол кедергісі (жол «лежачий полицейский») орнатылып, жол белгілері қойылды. Мұндай шаралар әсіресе мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Абай ауданы тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі – кейбір ішкі көшелердің асфальтталуы болатын. Ақсүмбе көшесінің тұйықталған бөлігіне қатысты осыған ұқсас өтініштер ескеріліп, жедел шешім қабылданды. Қазіргі таңда бұл аумаққа асфальт төселіп, тұрғындар игілігіне берілді. Бұл жол жүргіншілер үшін ғана емес, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері үшін де қолайлы жағдай туғызады.
Сонымен қатар, жарықтандыруға қатысты да бірқатар жұмыс атқарылды. Таңбалы тас көшесіндегі жарық шамдар техникалық тексеруден өткізіліп, жөнделіп, қайта іске қосылды. Бұл көше кешкі уақытта қауіпсіз және жарық ортаға айналды.
Тұрғындардан келіп түскен тағы бір ұсыныс – жаяу жүргіншілерге арналған өтпе жолдың қажеттігі туралы болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жамауов пен Көшеров көшелерінің қиылысына жол белгілері қойылып, арнайы жаяу жүргіншілер өткелі жасалды. Бұл шаралар қозғалысты реттеп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі.
Абай ауданындағы көшпелі кездесу қала әкімінің халықпен тікелей және ашық диалог орнатуға деген ниетін көрсетті. Әкімдік берген уәделерін тек хаттамамен шектемей, нақты іспен дәлелдеуде. Атқарылған жұмыстар мен тапсырмалардың орындалуы күн сайын қала басшылығының бақылауында тұр. Мәселелердің шешімі тек уақыттың еншісіне қалмай, мүмкіндігінше жедел әрі сапалы түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы ретте айта кету керек, Абай ауданындағы халықтың белсенділігі жоғары. Көшпелі кездесу кезінде де тұрғындар әкімге нақты ұсыныстар мен уақтылы ескертпелер айтты. Әкім бұл пікірлердің әрқайсысын назарға алып, тұрғындардың пікірі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Абай ауданындағы бұл кездесудің нәтижелері – халықтың сұранысы мен әкімдіктің әрекетінің арасындағы үйлесімді байланыстың айғағы. Алдағы уақытта да осындай ашық форматтағы кездесулер жалғасады. Себебі, мәселенің мәнісін білу үшін оны сол жердің халқынан есту – ең тиімді жолдардың бірі.