Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Нұршуақ шағынауданындағы Миялы көшесінің бойынан жаңа демалыс орны – заманауи талаптарға сай абаттандырылған сквер пайдалануға берілді. Бұл игі жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының негізінде жүзеге асты. Бағдарлама аясында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жинақталып, көпшіліктің қолдауына ие болған идеялар жергілікті билік тарапынан қолдау тауып, іске асырылады.
Сквер құрылысына бастамашы болған – осы шағынаудан тұрғындары. Аудан әкімдігі олардың ұсынысын назарға алып, жоба жоспарын әзірледі. Құрылыс барысында демалыс орнының эстетикасы мен қолайлылығы басты назарда ұсталды. Бүгінгі таңда сквер аумағында 20 жарық шамы орнатылып, қауіпсіз әрі жарық орта қалыптастырылды. Сонымен қатар, 190 түп ағаш пен сәндік бұталар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Балалар мен ересектердің жайлы тынығуына жағдай жасау мақсатында орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қойылды.
Бұл демалыс орны – тек тынығу ғана емес, жергілікті тұрғындардың өзара байланысын арттыратын қоғамдық алаң. Ата-аналар балаларымен бірге серуендеп, қариялар таза ауада дем алып, жастар спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Қала өмірінің қарқынынан тыс тыныш әрі қолайлы орта қалыптастыру бүгінгі урбанизация жағдайында аса маңызды.
Абай ауданы әкімдігі алдағы уақытта да мұндай жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жалғастырады. Әсіресе «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындардың белсенділігін арттыру және қаланың әрбір бұрышында қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсат етілген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биылдың өзінде бірнеше сквер мен балалар алаңшаларын жөндеу және салу бойынша жобалар жоспарланған.
Сондай-ақ, аудан аумағында жол, жарықтандыру, ирригациялық жүйелерді жақсарту және қауіпсіз жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту бағытында да жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – аудан әкімдігінің басты басымдықтарының бірі. Бұл ретте халықтың ұсыныс-тілектерін ескеріп, нақты жобалармен жұмыс істеу — тұрғындар сенімінің кепілі.
Жаңа ашылған сквер – осы сенімнің нақты көрінісі. Алдағы уақытта Нұршуақ секілді басқа шағынаудандарда да осындай әлеуметтік нысандардың саны артып, қала тұрғындары үшін қолайлы ортаның ауқымы кеңейе түспек.