Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысы талқыланды. Жиынға аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшылары қатысты. Отырыс барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Жайлы ортаны дамыту, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының есептері тыңдалып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар сараланды.
Атап айтқанда, қала аумағында, оның ішінде Абай ауданында да инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Аудан аумағындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында нақты үш мекенжайда инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар жаңа шағынаудандар мен көпқабатты үйлерді тұрақты және сапалы қуатпен қамтуға бағытталған.
Сонымен қатар, Абай ауданындағы ішкі көшелерде жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары белсенді жалғасуда. Асфальт төсеу, жолдарды қайта жөндеу, жаяу жүргінші жолақтарын орнату және су өткізгіш жүйелерін жаңарту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын негізгі шаралардың қатарында. Бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да қолдау тауып отыр. Жоба шеңберінде тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, аулалар абаттандырылуда. Абай ауданында бірнеше ойын және спорт алаңшалары, демалыс аймақтары мен гүлзарлар халық игілігіне берілді.
Көше қиылыстары мен жол жиектеріне гүл отырғызу, жарық шамдарын орнату секілді көріктендіру жұмыстары да қарқын алған. Бұл бағытта аудан аумағындағы негізгі көлік жолдарының бойына раушан, қызғалдақ және біржылдық гүлдер отырғызылып, жасыл аймақтар кеңейтілуде. Мұндай жұмыстар Абай ауданын тек қолайлы ғана емес, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан да тартымды аймаққа айналдыруға бағытталған.
Аудан аумағындағы су нысандарының жағдайын жақсарту да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Абай ауданына іргелес жатқан «Ақсай-Қарабастау» каналы мен су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың техникалық жағдайы жақсарған жағдайда суармалы жерлердің өнімділігі артып, экологиялық қауіптер азаяды. Сонымен қатар, каналдарды механикалық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, су айналымы ретке келтірілуде.
Қала басшысы жауапты басқарма өкілдеріне инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауға алып, тұрғындармен кері байланыс орнату, атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа ашық әрі түсінікті жеткізу міндетін жүктеді.
Абай ауданындағы инженерлік инфрақұрылымға қатысты қолға алынған жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауданның үйлесімді дамуына бағытталған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жобалар жалғасып, жаңа нысандар пайдалануға берілмек.