Интернет кеңістігінің қарқынды дамуына байланысты қоғамда жаңа қауіп-қатерлер пайда болуда, соның бірі – интернет алаяқтық. Цифрлық технологиялардың қолжетімділігі мен адамның жеке деректерінің әртүрлі платформаларда тіркеліп, сақталуы алаяқтарға түрлі жолмен құқық бұзушылық әрекеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Интернет алаяқтық – бұл ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, бөтеннің мүлкіне заңсыз қол жеткізу немесе мүліктік залал келтіру мақсатындағы қасақана әрекет.
Бүгінде интернет алаяқтықтың түрлері өте көп. Олардың қатарына: жалған интернет-дүкендер арқылы тауар сату, банк картасы немесе шот деректерін сұрап алдау, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашу, инвестициялық жоба немесе жеңіл жолмен табыс табу сынды уәделермен азаматтарды алдап соғу жатады. Сондай-ақ, танымал банктердің немесе мемлекеттік органдардың атынан хабарласып, адамның жеке мәліметтерін немесе бір реттік СМС-кодын иемденіп, ақшалай залал келтіру де жиі кездеседі.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде интернет алаяқтық — алаяқтықтың түрі ретінде қарастырылады және тиісті жаза көзделген. Атап айтқанда, ҚК-нің 190-бабы бойынша, бөтеннің мүлкін жымқыру, оның ішінде электрондық ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жасалған әрекеттер үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Мұндай қылмыстардың ашылуын қиындататын факторлар — алаяқтардың көбіне жалған немесе анонимді аккаунттармен әрекет етуі, олардың шетелдік интернет ресурстарын пайдалануы және шетелде орналасуы болып отыр. Бұл тергеу және сотқа дейінгі процесте халықаралық құқықтық көмек сұрау сияқты күрделі мәселелерді туындатады.
Мұндай қылмыстарды талдау барысында жәбірленушінің алаяқпен байланысқан тәсілін, олардың арасындағы жазбаша және электрондық хат-хабарларды, қаржы операцияларының ізін, сондай-ақ интернет платформаларға тіркелу деректерін мұқият зерттеу қажет. Электронды дәлелдемелермен жұмыс жасаудың ерекшеліктерін ескере отырып, тергеу мен сот барысында құқықтық рәсімдердің бұзылмауына аса мән берілуі тиіс. Сонымен қатар, сараптамалық зерттеулер жүргізу үшін ақпараттық технология саласындағы мамандардың көмегіне жүгіну қажет болады.
Азаматтар үшін интернет алаяқтардан сақтанудың ең басты жолы – саналы түрде әрбір цифрлық әрекетке мұқият болу. Белгісіз сілтемелерге өтпеу, ешқашан өз банк картасының деректерін, CVV-кодын, СМС-келген бір реттік кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу, тексерілмеген сайттардан тауар сатып алмау, бейтаныс адамдардың инвестициялық немесе қарыз беру туралы ұсыныстарына сенбеу – интернет қауіпсіздігінің негізгі ережелері саналады. Сонымен қатар, азаматтар өздерінің цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздік негіздерін меңгергені жөн.
Қорытындылай келе, интернет алаяқтық – бүгінгі күннің өзекті қылмыстық феномендерінің бірі. Ол тек құқық қорғау органдарының емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның қырағылығы мен бірлескен іс-қимылын талап етеді. Сот органдары мұндай істерді қараған кезде тек заңдық баға ғана беріп қоймай, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды терең білетін кәсіби мамандармен әріптестік орнатуы тиіс. Сонда ғана интернет алаяқтықпен күрес тиімді әрі нәтижелі болмақ.
А.БЕКЖАНОВА,
Шымкент қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің бас маманы.