«Бизнесті тұралатып тұрған кедергілер»: Отырарда өткен кездесуде Арыс және Отырар кәсіпкерлері түйткілді мәселелерін ашық көтерді. Жер телімі — қол жетпес арман, субсидия — тек сөз жүзінде, ал инфрақұрылым — аты бар да, заты жоқ. Бұл — Арыс қаласы мен Отырар ауданында жүрген кәсіпкерлердің жанайқайы. Түркістан облысында бизнеске бөгет болып тұрған жүйелі проблемалар ашық айтылды.
Отырар ауданында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен
Өңірлік кеңесінің кәсіпкерлерімен кездесу отырысы өтті. Іс-шараға Арыс қаласы мен Отырар ауданынан келген кәсіпкерлер қатысты. Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және Палата директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлерді жеке қабылдап, өзекті мәселелерін тыңдады.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Козбеков, Өңірлік кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Ержан Космамбетов, Мырзахан Манапов, Нұржан Сейтжанов, құқық қорғау, жергілікті атқарушы және салалық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес төрағасы:
«Бүгін Арыс қаласы мен Отырар ауданының кәсіпкерлерін жеке қабылдап, өңірлік кеңестің алғашқы көшпелі отырысын өткіздік. Көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы біз үшін басты бақылауда болады. Ендігі мақсат – күш біріктіріп, нақты шешімдерге қол жеткізу».
Арыс қаласының кәсіпкерлері неге алаңдаулы?
1. Жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару дауына кәсіпкер келіспейді
Кәсіпкер Б.Таспуратова заңды түрде жалға алып, кейін сатып алған жер телімінде асхана салып, жұмысын жүргізіп отыр. Алайда әкімдік бұл жерді мемлекет мұқтаждығына алмақ болып, құрылыс нысанын өз еркімен бұзуды талап етуде. Кәсіпкер бұл шешімнің заңдылығын қайта қарауды сұрайды және орнына басқа жер телімі немесе өтемақы беруді талап етеді.
2. 49 жылға жалға алған жерін қайта алмақ болған хабарлама келді
Кәсіпкер «Арыс-2» темір жол вокзалы маңындағы жер телімінде 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Жақында әкімдік реконструкция мақсатында жерді қайтарып алатынын ескерткен. Кәсіпкер бұл шешіммен келіспейді және заңды түрде жұмыс істеп отырған нысанды сақтап қалуды сұрайды.
3. Жол белгісі кәсіпорын жұмысына кедергі келтіруде
«Astana Railway Services» ЖШС өндірісіне жүк көліктерінің кіріп-шығуына жолдағы тыйым салу белгісі кедергі келтіріп отыр. Жылына 5000 дөңгелек жөндейтін өндіріс ошағының жұмыс процесі бұзылуда. Кәсіпкер жол белгісін алып тастау немесе жүк көліктеріне арнайы рұқсат беру мәселесін көтеріп отыр.
4. Қолөнер шеберіне Түркістандағы Шеберлер орталығынан орын қажет
«Алмагүл Шебер» ЖК ұлттық қолөнермен айналысады және Түркістанда салынып жатқан Шеберлер орталығынан шеберхана сұрайды. Мақсаты – кәсібін кеңейтіп, ұлттық өнерді дамыту. Кәсіпкер тиісті орын бөлуді сұрайды.
5. Субсидия толық төленбеген
«Қожатоғай Агро» АШӨК екі трактор сатып алған. Бағдарламада техниканың 50%-ы субсидияланады делінгенімен, кәсіпкерге тек 30% төленген. Қалған 20%-ын өтеуді сұрайды.
6. Шетел азаматтарын жұмысқа алу шектелген
Қолданыстағы заң бойынша шетел азаматтарын тек құрылысқа ғана тіркеуге болады. Кәсіпкерлер наубайшы, аспазшы сияқты мамандықтарға да рұқсат беру қажеттігін айтып, нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді сұрайды.
Отырардағы өзекті түйткілдер
1. Су тапшылығы – егінге қауіп.
«Ақын-Жақып» каналы, Д.Алтынбеков атындағы канал және ескі насос станциялары жөндеусіз. Арыс өзеніндегі ағыс әлсіз, суармалы жерлер сусыз қалуда. «Қазсушар» мекемесіне қатысты сын айтылды — су бөлуде жүйесіздік пен ұйымсыздық байқалады.
2. Газға қосылудың машақаты.
«Балым» ЖК өз нысанын заңды түрде газға қосу үшін қазандық орнатуға жер сұрауда. Бұған дейін қосылу заңсыз деп танылып, кәсіпкерге 1 млн теңге айыппұл салынған.
3. Электр желісі тартылмай жатыр.
Арыс өзенінен су тарту арқылы балық шаруашылығы мен демалыс аймағын дамытуға ниетті кәсіпкер барлық рұқсат құжаттарын алғанымен, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС электр қуатын қосу бойынша созбалаңға салуда.
250 метр ғана желі тартылмай, бизнес жоспары іске аспай тұр.
Асылан ИБАДУЛЛАЕВ, Палата директоры:
«Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар, біз осы сапарларда нақты ұсыныстарды жинақтап, уәкілетті органдар алдына жүйелі түрде шығаратын боламыз».
Жиын соңында қатысушылар Отырар ауданындағы «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» кәсіпорнына барып, шетелдік инвестордың тоқыма өндірісімен танысты. Қытайлық компания өңірде 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып, заманауи технологиялармен жұмыс істеуде. Бұл – Отырар ауданындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі.
Отырарда өткен бұл кездесу кәсіпкерлер мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Көтерілген мәселелер жергілікті басқару сапасын, инфрақұрылым деңгейін, бағдарламалардың тиімділігін ашық көрсетті. Бизнеске кедергі келтіретін әрбір проблема – өңірлік дамуға тосқауыл. Басты мақсат – оларды жедел әрі жүйелі шешу.