Қоғам дамыған сайын мемлекеттік қызметке қойылатын талаптар да арта түсуде. Азаматтардың билік өкілдеріне деген сенімі мен құрметі көбіне олардың кәсібилігімен қатар, моральдық бейнесі мен мінез-құлқына байланысты қалыптасады. Осы орайда мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмыста, қоғаммен қарым-қатынаста өзін қалай ұстайтынын, қандай қағидаларға сүйенетінін анықтайтын маңызды құжат – Әдеп кодексі болып табылады. Ол мемлекеттік қызметшінің айнасы іспеттес. Себебі бұл құжат оның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігін, қызметіне деген адалдығы мен қоғам алдындағы міндетін нақты сипаттап көрсетеді.
Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшінің қызметтік мінез-құлқының стандарттарын, этикалық нормаларын және жалпы қоғаммен, әріптестерімен, азаматтармен қарым-қатынас тәртібін реттейтін құжат. Мемлекеттік қызметші – ел мүддесіне қызмет ететін тұлға. Ол өзінің әрбір сөзі мен іс-әрекетінде биік мәдениетті, сабырлылықты, сыпайылықты және әділдікті көрсетуі тиіс. Осы талаптар мен ұстанымдар Әдеп кодексінде нақты бекітілген. Бұл кодекс тек қызмет барысында емес, қызметтен тыс уақытта да мемлекеттік қызметшінің жүріс-тұрысына бағыт береді. Өйткені ол – мемлекет өкілі, ел абыройын иеленіп жүрген азамат.
Әдеп кодексінде көрсетілген нормалар қызметшінің шынайы бейнесін қалыптастырады. Мемлекеттік қызметшіден кәсіби білім мен тәжірибемен қатар, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттер де талап етіледі. Әдептілік, әділеттілік, ашықтық, бейтараптық – оның басты қағидаларына айналуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, азаматтарды кемсіту, дөрекі сөйлеу, біреудің ар-намысына тиетін әрекеттерге жол беру – кодексте тыйым салынған және мұндай мінез-құлыққа қатаң шаралар қарастырылған.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – бұл оның ішкі мәдениеті мен өзін-өзі тәрбиелеуінің көрінісі. Қызметтік жағдайына қарамастан, әрбір мемлекеттік қызметші қарапайым халықпен тіл табыса білуі, олардың өтінішіне мұқият қарап, шынайы көмектесу ниетінде болуы қажет. Бұл оның лауазымына емес, адамгершілігіне байланысты өлшенеді. Әдеп кодексі – осы құндылықтарды еске салып, қызметшіні ел алдында мінсіз бейнеде көрсетуге бағыттайды.
Сонымен қатар Әдеп кодексі – жемқорлыққа қарсы күрестің де маңызды құралы. Өйткені әділ, жауапты, адал қызметші ешқашан заңсыз әрекетке бармайды. Ол өз ісіне таза ниетпен қарап, халық сенімін ақтауға тырысады. Мемлекеттік қызметкердің әрбір сөзі мен ісі оның тек өзіне емес, бүкіл мемлекеттік жүйеге деген көзқарасты қалыптастыратыны белгілі. Сол себепті де бұл кодекс тек құжат емес, ол – мемлекеттік қызметтің мәдени стандарты, үлгісі.
Қорыта айтқанда, Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшінің қызметтегі ғана емес, өмірдегі де бағыт-бағдарын айқындайтын, оның ар-намысы мен жауапкершілігін көрсететін басты құжат. Ол – мемлекеттің, халықтың, заңның алдындағы адалдықтың, әділдіктің және кәсібиліктің айнасы. Осы құндылықтарға берік болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Себебі халықтың сенімі – тек заңмен емес, жүректен шыққан шынайы қызметпен ұтымды ұштасқанда ғана беріледі. Әдеп кодексі осы сенім мен адал қызметтің нақты өлшемі ретінде әрбір мемлекеттік қызметшінің жан серігі болуы тиіс.
Сұлтанбек СИЕЗ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының бас маманы.