Қазіргі кезде сот процестері ашық түрде өткізіледі. Азаматтар сот залына еркін кіріп, іс жүргізудің барлық кезеңіне қатыса алады. Сонымен қатар, сот барысын фотоға, видеоға түсіруге немесе жазуға құқылы. Алайда азаматтық істер бойынша ашықтыққа шектеу тек Конституцияда бекітілген жеке өмір мен құпияның қорғалуын, ар-намысты сақтау мен байланыс құпиясын қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Сот отырыстары бейне және дыбыс жазу құрылғыларымен жабдықталған. Процестің аудио-бейнежазбасын жүргізуді сот отырысының хатшысы атқарады. Хатшы тараптар мен куәлардың жауабын қолмен жазбайды, тек қысқаша хаттама толтырады. Ал жазба материалдары (аудио, видео) арнайы орамада іс нөмірі мен сот отырысының күні көрсетіліп, конвертке салынады және іс материалдарына тіркеледі. Бұл хатшылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Сот отырыстарында заманауи технологияларды қолдану азаматтардың сотқа деген сенімін күшейтіп, тараптардың соттағы тәртібіне де оң әсер етеді. Қалауы бойынша, тараптар сот отырысының жазбасымен таныса алады немесе сотқа өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде аудио-бейнежазбаның көшірмесін алу мүмкіндігі бар.
Сот процесін аудио және бейнежазбаға тіркеу – сот талқылауының барысын дәл құжаттау, сондай-ақ азаматтық немесе тәртіптік істерді жүргізу барысында нақты деректерді бекіту мақсатында жүзеге асырылады.
Сот отырыстарында аудио және бейнежазба қолданылған жағдайда, қысқаша хаттама толтырылады, ал жазба тасымалдағыштары іс материалдарына қоса тіркеледі. Аудио-бейнежазбаларды жүргізу, оларды сақтау мен жою тәртібі арнайы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл Ереже Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілген. Аталған іс-шаралардың барлығын сот отырысының хатшысы атқарады.
Сот отырысы басталар алдында хатшы аудио және бейнежазба құралдарының дұрыс жұмыс істейтінін тексереді. Егер бұл құрылғыларды пайдалану мүмкін болмаса, хатшы себептерін сот хаттамасында көрсетіп, судьяға хабарлайды. Отырыс аяқталғаннан кейін техникалық ақаулар болған жағдайда, хатшы бұл туралы кеңсе меңгерушісіне хабар береді, ал ол өз кезегінде ақпараттық технологиялар бойынша жауапты маманға мәлімдейді.
Аудио-бейнежазба құрылғыларының болмауы сот процесін тоқтатуға негіз болмайды. Егер техникалық себептерге байланысты жазба жүргізілмесе немесе мүлдем болмағаны анықталса, бұл жөнінде арнайы акт толтырылады.
Мұндай жазба құралдарын қолдану сот жұмысын жеделдетіп, іс жүргізу процесін автоматтандыруға септігін тигізеді.
Аружан ҚАСЫМБЕКОВА,
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің бас маманы.