Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қояды. Бұл қағидалардың нақты іске асуы елдегі сот билігінің әділдігі мен шешімдерінің орындалуына тікелей байланысты. Мемлекеттің сот жүйесі және соның ішінде Конституциялық Сот – құқықтық тәртіптің, әлеуметтік әділеттіліктің және заңдылықтың негізін құрайтын маңызды құрылымдар.
Конституциялық Сот – мемлекеттегі құқықтық жүйенің ең жоғарғы деңгейіндегі орган болып табылады. Ол тек заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарап қана қоймай, сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын бақылап, олардың бұзылуына жол бермеуге бағытталған шешімдер қабылдайды. Конституциялық Соттың шешімдері түпкілікті, қайта қарауға жатпайды және барлық мемлекеттік органдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады. Бұл оның мәртебесін ерекше етеді және құқықтық жүйеде шешуші рөл атқарады.
2023 жылдан бастап Қазақстанда Конституциялық Сот азаматтардың, адвокаттардың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тікелей өтініштері негізінде дауларды қарай бастады. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейтті және Ата заңның практикалық маңызын арттырды. Конституциялық Соттың шешімі тек бір заң нормасын жарамсыз деп танумен шектелмей, болашақта қабылданатын заңнамалардың бағытына да ықпал етеді. Осылайша, ол бүкіл құқықтық жүйенің тұрақтылығына кепілдік береді.
Сонымен қатар, Қазақстанда жалпы юрисдикция соттарының шешімдерінің орындалуы құқықтық мемлекеттің тағы бір маңызды көрсеткіші болып табылады. Соттардың әділ шешім қабылдауы қаншалықты маңызды болса, сол шешімдердің нақты өмірде орындалуы да соншалықты маңызды. Өйткені орындалмаған сот шешімі – әділетсіздік пен азаматтардың мемлекетке деген сенімінің төмендеуіне әкеледі.
Сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда сот актілерін орындау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеде әділет министрлігіне қарасты мемлекеттік сот орындаушылары және жеке сот орындаушылары еңбек етеді. Олар борышкерлерді іздеп тауып, мүліктерін тәркілейді, банктік шоттарын бұғаттайды және өзге де мәжбүрлі шаралар қолданады. Соңғы жылдары жеке сот орындаушылары институтының дамуы сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырды, дегенмен, бұл салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар.
Атап айтқанда, сот шешімдерінің уақтылы орындалмауы, борышкерлердің мүлікті жасыруы немесе төлем қабілетсіздігі, кейбір мемлекеттік мекемелердің өздеріне қатысты сот шешімдерін орындамауы – халық арасында наразылық тудырып, құқықтық мәдениеттің төмендігін байқатады. Сонымен бірге, кейбір жеке сот орындаушыларының заң бұзушылықтары да қоғамда сынға ұшырап отыр. Мұндай мәселелерді шешу үшін қатаң қадағалау, ашықтық, цифрлық бақылау жүйесін енгізу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.
Жалпы алғанда, Конституциялық Сот пен сот жүйесінің шешімдерінің орындалуы – Қазақстанның демократиялық дамуы мен құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының негізі. Азаматтардың Конституцияда кепілдендірілген құқықтарының нақты қорғалуы, әділетті шешімдердің уақтылы орындалуы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық сенімнің басты шарты болып қала береді. Сондықтан Конституциялық Соттың беделін арттыру, сот шешімдерінің орындалуын бақылау механизмдерін күшейту және бұл процеске заманауи технологияларды енгізу – Қазақстанның құқықтық реформаларындағы маңызды басымдықтардың бірі болып саналады.
М.МҰЗДЫБАЕВА,
Шымкент қаласы
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік
сотының судьясы.