Түркістан облысы, Арыс қаласында білім беру саласында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан жаңа білім ұясы келесі оқу жылынан бастап оқушыларға есігін айқара ашпақ. Бұл – сапалы білім берумен қатар, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жол ашатын маңызды нысан.
Қазіргі таңда Арыс қаласында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы 80 пайызға орындалған. Нысан заманауи талаптарға сай салынуда. Түркістан облысының БАҚ өкілдері ұйымдастырылған баспасөз туры аясында мектеп құрылысымен танысып, жобаның маңыздылығы мен ерекшеліктеріне көз жеткізді.
ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚТАЛҒАН БІЛІМ ҰЯСЫ:
Мектеп жобасы толықтай халықаралық стандарттарға сай жобаланған. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған кең ауқымды инфрақұрылым қамтылған:
— Екі кең спорт залы;
— Үлкен акт залы;
— Кітапхана мен мәжіліс залдары;
— Пәндік кабинеттер мен зертханалар;
— Шеберханалар және коворкинг-аймақтар;
— Ашық алаңдағы футбол алаңы.
Бұл мектеп баланың білім алудан бөлек шығармашылықпен, спортпен және ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен айналысуына толық мүмкіндік береді. Аталған білім мекемесі пайдалануға берілген соң Арыс қаласындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, жергілікті оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етпек.
АҚДАЛАДА АЛҒАШ РЕТ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНУДА:
Баспасөз турының келесі бағыты – Ақдала ауылындағы салынып жатқан жаңа спорт кешені болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл нысан – ауыл жастары үшін көптен күткен маңызды жоба. Кешеннің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Биыл соңғы әрлеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.
Спорт кешенінің ерекшеліктері:
— Жалпы аумағы – 371 шаршы метрден асады;
— Қабырғалары жылу ұстағыш металл сайдингпен қапталған;
— Сапалы ішкі жабындылар пайдаланылған;
— Медициналық пункт, киім ауыстыру бөлмелері, санитарлық тораптар бар;
— Спорт залы 100 адамға дейін бір мезгілде қабылдай алады.
Кешенде ауыл жастары мен тұрғындары волейбол, баскетбол, бокс, күрес, үстел теннисі, гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналыса алады. Бұл нысан ауылдағы бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
ЖЕКЕ ИНВЕСТОР ҚОЛДАУЫМЕН – ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ:
БАҚ өкілдері сапар барысында Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданында жеке инвестордың қолдауымен салынудағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысымен де танысты. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асып жатқан жобалардың бірі.
Жоба туралы:
— Құрылысқа жауапты мердігер – «Лидер-НС Строй» ЖШС;
— Қазіргі таңда 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр;
— Жалпы аумағы – 3348 шаршы метр;
— Кешеннің алғашқы үйі биыл пайдалануға берілмек.
Аталған жоба – қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі азаматтардың баспанамен қамтылуын жақсартып, көші-қон көрсеткішіне оң әсер етеді. Сонымен қатар, бұл құрылыс жұмыстары жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туғызып отыр.
Арыс қаласындағы бұл ауқымды құрылыс жобалары – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуының жарқын көрінісі. Жайлы мектеп пен спорт кешенінің, тұрғын үй нысандарының бой көтеруі – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, жастар мен балалардың жан-жақты дамуына, спорт пен білімге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған нақты қадамдар.
Облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау, жауапты мердігерлердің жұмыс қарқыны және жергілікті әкімдік пен мемлекеттік бағдарламалардың үйлесімді жүзеге асырылуы Арыс қаласының әлеуетін арттыруға ықпал етуде.