Түркістан қаласы бүгін ерекше рухани және мәдени шараның куәсі болды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум аясында тарихқа және тілге қатысты маңызды екі іс-шара ұйымдастырылды. Олардың бірі – түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасы, аса құнды тарихи жәдігер саналатын Махмұд Қашқаридің ұлы еңбегі «Диуани лұғат ат-түрк» шығармасының 950 жылдығына арналған «Тіл – ізгіліктің бастауы» атты көрменің салтанатты ашылуы болды.
Көрменің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның және шетелдердің танымал ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ түркі дүниесінің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтар қатысты. Ашылу рәсімі рухани және тарихи мәні зор болғанымен қатар, түркі тілдес халықтардың ортақ тамыры мен мәдени мұрасына деген құрметті білдірді.
Көрмеде «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің қазақ, түрік, қырғыз, өзбек және басқа да түркі халықтарының тілдерінің дамуына және олардың әдебиетінің қалыптасуына қосқан тарихи үлесі кеңінен көрсетілді. Әсіресе, бұл еңбек түркі тілдерінің алғашқы сөздігі ретінде әлемдік деңгейде жоғары бағаланатыны туралы мәліметтер мен тарихи деректер ұсынылды. Сонымен қатар, көрме қазақ тілі мен оның байлығы, тілдің қоғамдағы орны, тілдің рухани маңызы жөнінде жан-жақты мәліметтерге толы болды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова өзінің алғысөзінде бұл шараның рухани-тарихи маңыздылығына тоқталып, «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегі арқылы түркі тілдерінің байлығы мен тарихи сабақтастығы көрініс тапқанын ерекше атап өтті. Ректор университеттің бауырлас елдермен, әсіресе Түркиямен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын, осындай халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың маңызын жеткізді.
Сондай-ақ Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова өз сөздерінде түркі тілдерінің мәдени және тарихи байлығын сақтау мен дамытуға деген ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Олар бұл іс-шараның түркі тілдес мемлекеттердің мәдениетін, рухани бірлігін нығайтуға зор үлес қосатынын, сондай-ақ жастарды отандық тарих пен мәдениетке деген қызығушылыққа тәрбиелеуге ықпал ететінін айтты.
Көрме қорытындысында «Мың заман – бір Түркістан» атты музыкалық драма спектаклі қойылды. Бұл қойылым Түркістандағы «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен шығармашылығы болып табылады. Қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Спектакльдің тақырыбы қазақ халқының ұлы тұлғалары мен ұлт жанашырларының өмір жолдарына арналған. Сонымен қатар, қойылымда Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Алаш зиялылары сияқты түркі халықтарының рухани ірі тұлғаларының бейнелері көрініс тапты.
Бұл музыкалық драмада қазақ халқының ұлттық рухы мен бірлігі ерекше көрсетіліп, қиын-қыстау кезеңдерде де татулық пен бірлікті сақтаудың маңызы кеңінен суреттелді. Қойылым көрермендерді терең толғандырғанымен қатар, оларды өз тарихына және мәдени мұрасына деген құрмет пен мақтанышқа шақырды.
Спектакль аяқталған соң көрермендер ұзақ уақыт тік тұрып, қойылымға деген ризашылықтарын білдірді. Бұл оқиға тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының рухани жаңғыруы мен тарихи сабақтастығын насихаттауға бағытталған үлкен маңызды оқиға болып қалды.
Осындай игі іс-шаралар арқылы Түркістан өңірі өз мәртебесін биіктетіп, түркі әлемінің рухани астанасына айналып отыр. Түркістанның тарихи, мәдени және рухани маңызы күшейіп, ол – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтардың ортақ мәдени-рухани орталығы ретінде дамуда.
Бұл шаралар келешек ұрпаққа түркі тілінің байлығын, тарихтың тереңдігін және мәдени мұраның қастерлігін ұғындыруға бағытталған. Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттер арасындағы өзара мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Осылайша, Махмұд Қашқаридің ұлы еңбегі арқылы бүкіл түркі әлемі бірлік пен тұтастықтың символы ретінде жаңғырып, мәдени дамудың жаңа белестеріне көтерілуде.