Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру деңгейін көтеру мақсатында маңызды қадам жасалды – алғаш рет модульді лагерь жатақханалары пайдалануға берілді. Бұл жаңашыл жоба балалардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда жазғы сауықтыруын қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен қолға алынған бұл шара өңірдегі жазғы лагерьлердің инфрақұрылымын жаңғыртып, демалушылар үшін қосымша орындар ашуға мүмкіндік береді.
2024 жылы Түркістан облысында 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнатылып, бұл арқылы 7500-ден астам қосымша орын ашылуы жоспарланған. Модульдік жатақханалардың алғашқысы «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде өз есігін ашты. Бұл лагерь Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалар демалысының кешені болып табылады. Кешен күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда 10 модульді жатақхана пайдалануға берілген. Әрбір жатақханада 20 балаға арналған жеке жатын орындар бар, бұл балаларға жеке кеңістік пен жайлы тұру жағдайларын қамтамасыз етеді.
Жаңа жатақханаларда заманауи жиһаздар мен төсек орындары орнатылған, балалардың жеке киімдерін сақтауға арналған шкафтары да қарастырылған. Бөлмелер жарық және сәндік тұрғыдан безендірілген, бұл балалардың жайлы демалуына әсер етеді. «Балауса» лагерінің алғашқы ауысымында 350 бала қабылданды, оның ішінде 250 бала Түркістан қаласынан, 100 бала Сауран ауданынан келді. Қалған балалар лагерьдің бұрынғы корпуста демалып жатыр. Жалпы, «Балауса» лагері 7 ауысымда 2 мыңнан астам баланы қабылдауға дайын.
Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы «Толағай» лагерінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылы алғашқы демалушыларды қабылдады. Бұл лагерьде әр жазғы маусымда шамамен 200 бала демалады, ал жалпы 8 маусым бойынша 1500 балаға жазғы сауықтыру қызметі көрсетіледі деп жоспарлануда.
Балалардың демалысы тек жайлы ғана емес, сонымен қатар белсенді әрі пайдалы өтеді. Олар күніне 5 мезгіл тамақтанып, таңертеңгі жаттығулармен бастайды. Сонымен бірге спорттық жарыстар, эстафеталар, интеллектуалдық сайыстар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Лагерьде бассейнде әртүрлі шынығу жаттығулары өткізіліп, жаз айларындағы демалыс қызықты әрі пайдалы өтеді.
Түркістан облысында биыл қала сыртындағы сауықтыру орындарында 43 мыңнан астам бала демалуды жоспарлап отыр. Жалпы облыста 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлерге қатысып, арнайы экскурсиялар мен танымдық шараларға тартылады. Бұл көрсеткіштер өңірде балалардың сауықтыруы мен демалысын ұйымдастыруға айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Облыс басшылығының бұл бағыттағы жұмыстары балалардың денсаулығын нығайтып, олардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге жағдай жасап отыр. Модульді лагерьлердің енгізілуі – бұл процессіміздің маңызды бөлігі, әрі болашақта балалар демалысының сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін жаңалық болып табылады. Түркістан өңіріндегі балалардың сауықтыру орталықтарының инфрақұрылымы жақсарып, олардың демалысы жайлы әрі қызықты бола түскені айқын байқалады. Бұл – облыс тұрғындарының, әсіресе жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.