Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары маңызды іскерлік кездесулерге толы болды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестицияларды тарту, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және өңірдің экономикасын дамыту болып табылады. Бейжің қаласында өткен кездесулер барысында облыс басшысы 20-дан астам жетекші қытай компанияларының басшыларымен екіжақты пікір алмасып, бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетін жан-жақты таныстырып, Түркістан облысының заманауи өндіріс ошақтарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Қытайлық кәсіпкерлерге өңірдің табиғи-климаттық жағдайының қолайлы екені, Жібек жолының бойында орналасуы және жоғары білікті кадрлар әлеуетінің бар екені жайлы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, облыстың 15 индустриалды аймағы мен жалпы аумағы 4000 гектар болатын «Turan» арнайы экономикалық аймағы сынды инвестиция үшін тартымды орындары бар екенін жеткізді.
Облыс әкімі Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып жатқанын, бұл екі елдің экономикасы мен мәдени байланыстарын одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Нұралхан Көшеров өңірде өндіріс орындарын көбейту, жаңа зауыттар мен фабрикалар салу мәселесіне баса назар аударып, инвесторларды Түркістанға инвестиция салуға шақырды.
Жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, азық-түлік өндірісіне арналған жабдықтар мен технологияларды енгізу, ауылшаруашылық суару жүйесін автоматтандыру, сонымен қатар «ақылды агротехнологияларды» дамыту сынды маңызды бағыттар бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қытайлық компаниялардың жетекшілерімен жасалған келіссөздер барысында жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту және теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаларды іске қосу мәселелері қаралды. Бұл бағыттардағы ынтымақтастық өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде.
Сонымен қатар, кездесулердің бірінде қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллект желісін дамытуға арналған ғылыми-зерттеу орталығының қызметі таныстырылды. Бұл инновациялық жоба облыстың қауіпсіздік жүйесін нығайтуға бағытталған және заманауи технологияларды қолдану арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Іскерлік кездесулер барысында кәсіптік білім беру саласындағы серіктестікті дамыту мәселелері де кеңінен қаралды. Түркістан облысының басшысы техникалық мамандықтарды дамыту үшін Қытай тарапымен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін білдіріп, бұл бағыттағы мүмкіндіктерді зерттеу үстінде екенін атап өтті. Бұл – өңірдің жұмыс күшінің біліктілігін арттыруға және экономиканың сұранысына сәйкес мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам.
Жалпы, Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Қытайға сапары өңіраралық байланыстарды нығайту мен шетелдік инвестицияларды тартудың нәтижелі бастамаларының бірі болды. Бұл іс-шаралар Түркістан облысының экономикасын әртараптандыруға, өндіріс пен агроөнеркәсіпті дамытуға, сондай-ақ өңірдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор шаралар болып табылады. Кездесулердің қорытындысы бойынша аймақ пен қытайлық компаниялар арасында өзара тиімді әріптестік орнатуға негізделген нақты жобалар мен жоспарлар жасалып, іске асыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру, заманауи өндіріс орындарын ашу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы бұл белсенділік аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде. Облыс басшылығының осы бағыттағы белсенділігі мен ашықтығы инвесторлар үшін сенімді орта қалыптастыруға септігін тигізіп, өңірге инвестиция тартудың тиімді жолдарын қамтамасыз етуде. Қытаймен экономикалық ынтымақтастықтың дамуы Түркістан облысының болашақтағы өркендеуінің кепілі болмақ.