Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл игі шараны «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткізілді, оның басты мақсаты – балаларға қуаныш пен шаттық сыйлау, олардың жан дүниесін жылыту және қоғамның назарын балалар мәселесіне аудару болды.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары әрі облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева мен Арыс қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков бүлдіршіндерді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, олардың бақыттарына ортақтасып, жылы лебіздерін білдірді. Олар балалардың өнеріне тәнті болып, тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарламаны үлкен қызығушылықпен тамашалады.
Шара барысында партия өкілдері балаларға жағымды тосынсыйлар жасап, көңіл-күйлерін көтерді. Әсіресе, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» облыстағы жетекшісі Қалыйма Жантөреева мектеп бітіруші қыздарға ерекше сыйлық ұсынды. Ол өз қолымен өрнек салып, тігіп жасаған «Бойжеткен» топтамасын табыстады. Сәнді көйлектер мен салтанатты киімдер балаларды қуанышқа бөлеп, олардың ерекше күнін одан әрі жарқын етті. Осылайша, аманаттықтар дайындаған сыйлықтар жас ұрпақтың көңілінен шығып, оларды шаттыққа бөледі. Балалар қамқорлық көрсеткен азаматтарға шынайы алғыстарын білдіріп, өздерінің шығармашылық өнерлерін паш етті.
Іс-шара барысында партия өкілдері балалар ауылын аралап, тәрбиеленушілердің тұрмысымен және шығармашылық жетістіктерімен танысты. Балалар өз қолдарымен жасаған әдемі қолөнер бұйымдарын, суреттерін, сондай-ақ түрлі спорттық және өнер жетістіктерін мақтанышпен көрсетті. Бұл балалардың қабілеттері мен таланттарын қолдаудың, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың айқын көрінісі болды.
Айта кету керек, Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында қазіргі таңда 7 отбасы орналасқан. Онда барлығы 61 бала тәрбиеленуде. Әр отбасы отандық рухани құндылықтарға негізделген, ата-аналық қамқорлық пен махаббатқа толы ортада өсіп келеді. Бұл балаларға тек баспана ғана емес, сондай-ақ жылулық пен сенімге толы отбасы ортасын сыйлайды. Мекеменің басты миссиясы – балалардың жан-жақты дамуы мен өмірге деген сенімділігін арттыру.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бақытты отбасы» жобасы – бала құқығын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және бақытты өмір сүруіне барлық жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл жоба арқылы партия қоғамдағы балалар мен жастарға деген қамқорлықты арттыруды, олардың өмір сапасын жақсартуды басты мақсат етіп отыр.
Жалпы, бұл игі шара балалардың жүрегіне қуаныш ұялатып, оларға ерекше көңіл бөлінгенін сездірді. Мереке барысындағы жылы атмосфера, қамқорлық пен сүйіспеншілік әр баланың өмірінде есте қаларлықтай сәттерге айналды. Осындай іс-шаралар балалардың өміріне позитивті әсер етіп, олардың армандарының орындалуына серпін береді деп сенім білдіреміз.
Түркістан өңіріндегі мұндай қайырымдылық шаралар мен жобалар балалардың болашағына бағытталған үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі. Олар жас ұрпақтың дамуына және қоғамның гүлденуіне қосылған баға жетпес үлес болып табылады.