1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысы, Сауран ауданының орталығында жаңа балалар саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл — аудан тұрғындары үшін ерекше маңызға ие әлеуметтік нысандардың бірі. Аталған игі жоба Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен және қолдауымен жүзеге асырылып, бүгінде аудан халқына қызмет көрсететін тартымды демалыс орнына айналып отыр.
Жобаның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Жаңа саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, жаңа нысанның лентасын қиды. Сонымен бірге, шараға облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, ауданның ақсақалдары, қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы және ата-аналар мен балалар қатысты.
Ашық аспан астындағы думанды кеште балаларға арналған түрлі ойындар, анимациялық қойылымдар, қошемет пен сыйлықтар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй қалыптасты. Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, жас өнерпаздар ән шырқап, би билеп, мерекеге сән берді.
Жалпы аумағы 2,14 гектарды құрайтын жаңа саябақ заман талабына сай жабдықталған. Мұнда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары орналастырылған. Қауіпсіздік талаптарына сай жұмсақ резеңке жабынды төселіп, балалардың еркін ойнап, дене белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасалған. Ойын құрылғылары халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген.
Саябақ тек ойын-сауық алаңы ғана емес, сонымен қатар табиғатпен тыныстайтын демалыс орны ретінде де жобаланған. Көгалдандыру жұмыстары аясында 2113 шаршы метр аумақта жасыл белдеу қалыптастырылып, аймақ экологиясына оң әсер беретін өсімдіктер отырғызылды. Атап айтқанда:
— 12 түрлі ағаш түрі;
— 88 түп шырша;
— 25 түп писсарди ағашы;
— 20 түп шынар ағашы;
— 30 түп раушан гүлдері;
— 40 түп магония бұталары саябақ көркін аша түсті.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар, көлеңкелі аймақтар мен демалыс павильондары орнатылып, барлық жастағы азаматтарға жайлы орта қалыптастырылды. Кешкі уақытта қауіпсіздікті сақтау мақсатында аумақ толық жарықтандырылған.
Саябақ ішіне қалдықтарға арналған урналар, санитарлық-гигиеналық тораптар, сумен жабдықтау және автоматты суару жүйелері де орнатылған. Бұл нысанның ерекшелігі – балалар мен ата-аналарға, қарттар мен жастарға бірдей қолайлы жағдай жасауында.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде:
“Жаңа саябақ – Сауран жұртшылығына жасалған маңызды тартудың бірі. Бұл тек балаларға емес, барлық тұрғындарға арналған қауіпсіз әрі заманауи демалыс орны. Мұндай жобалар – елдің әлеуметтік жағдайының көрсеткіші. Болашақта аудан көлемінде тағы да бірнеше қоғамдық кеңістіктер ашу жоспарымызда бар,” – деп атап өтті.
Жаңа нысан ауданның сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға сеп болады. Балалар мен ата-аналар үшін бұл саябақ енді сүйікті демалыс мекеніне айналмақ.