Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жастар арасында патриоттық сезімді арттыру және отаншылдықты дәріптеу мақсатында маңызды жиналыс өтті. Бұл жиын облыстың қоғамдық даму, білім, мәдениет саласының мамандары, сондай-ақ облыстық жастар орталығы мен қалалық ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкерлерін біріктірді. Жиынның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен елжандылықты тәрбиелеу жолдарын жетілдіру және патриоттық бағыттағы іс-шараларды жандандыру болды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл жастардың патриоттық сезімін ояту және оларды елге адал, жауапты азаматтар ретінде тәрбиелеу бағытындағы ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттау, ұлтымыздың бірлігін бекемдеу сынды негізгі міндеттерге ерекше көңіл бөлінді деп атап өтті.
Жиын барысында Ертай Кенжебекұлы отаншылдықты дәріптеу жұмыстарының маңыздылығын тағы бір мәрте еске салып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттау бағытындағы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қажеттігін баса айтты. Ол бұл бағыттағы жұмыстардың жастардың санасында ұлттық сана сезімді қалыптастыруға, олардың ел мүддесіне адалдығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар патриотизмді қалыптастыру мен нығайту үшін түрлі мәдени-рухани шараларды ұйымдастыру, тарихи-танымдық кездесулер, патриоттық шығармашылық байқаулар мен спорттық шараларды кеңейту туралы ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалар жастарды мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға ынталандырады әрі ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.
Отырыс соңында Ертай Алтаев қатысушыларға патриоттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға және жүйелі түрде өткізуге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жастар орталықтары мен білім мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, жаңадан туындайтын жобаларды қолдау, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Бұл бастама Түркістан облысында патриоттық тәрбие мен отаншылдықты дамытудағы жүйелі және үйлестірілген жұмыстардың жалғасуы болып табылады. Жастардың бойында ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті арттыру, еліміздің бірлігі мен егемендігін қорғауға деген патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.