Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрметпен қарсы алып, өңірдің экономикалық әлеуетімен жан-жақты таныстырды. Қонақтар облыстың өндірістік және индустриалдық аймақтарын аралап көріп, өңірдегі инвестициялық жобаларға қызығушылық білдірді. Осы сапар аясында аймақ басшысы іскерлік кездесу өткізіп, қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар логистикалық парктердің мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру секторларындағы перспективаларды талқылады. Сонымен қатар, өңірде бірлескен қойма және сауда өкілдіктерін құру мәселелері қозғалды. Қытай инвесторлары өз жобаларын таныстырып, өңірдің инфрақұрылымын дамытудың нақты ұсыныстарын білдірді.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан облысының инвестициялық және туристік әлеуетін кеңінен түсіндіріп, екіжақты тиімді және ұзақ мерзімді байланыс орнатуға толық дайын екенін мәлімдеді:
– «Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, берік негізде қалыптасуда. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына сапарым барысында бірқатар жобаны іске асыру мәселелерін талқыладық. Сіздің бүгінгі сапарыңыз Ухань қаласында басталған конструктивті диалогтың және өзара сенімге негізделген серіктестіктің нақты жалғасы деп білемін. Облысымыздың кадрлық әлеуеті жоғары. Түркістан арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біздің өңіріміз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды логистикалық торап ретінде қалыптасуға толық мүмкіндігі бар.»
Аймақ басшысы авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын құру, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашу, заманауи логистикалық парктерді салу және жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеу инфрақұрылымдарын кешенді түрде дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзір екенін атап өтті.
– «Бұдан бөлек, бірлескен индустриалды аймақты құру екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді механизм болып табылады. Біз бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік серіктестік құруға және ұзақ мерзімді әрі жемісті ынтымақтастық орнатуға толық дайынбыз. Әкімдік тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін атап өткім келеді,» – деді облыс әкімі.
Қытайлық делегация Түркістан облысындағы екі күндік сапары кезінде алдымен облыс орталығы – Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мақта зауытының жұмысымен танысты. Зауыттың технологиялық мүмкіндіктері мен өндірістік қуаты туралы толық ақпарат алды. Бұдан кейін олар Сауран ауданына барып, Ораңғай ауылындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты. Инвесторларға «Turan» арнайы экономикалық аймағының артықшылықтары мен өңірдегі инвестициялық алаңдардың қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Кездесу соңында делегация Түркістан қаласына экскурсия жасап, тарихи және мәдени нысандарды аралап көрді. Бұл сапар екі тарап арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің экономикалық дамуында жаңа бетбұрыс жасауға септігін тигізетін маңызды қадам болды.