Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл желек көлемін арттыру және өңірдің абаттандыру деңгейін көтеру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Жасыл аймақ» мекемесінің мамандарымен арнайы мәжіліс өткізіп, көгалдандыру саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандардан атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беруді емес, бірінші кезекте нақты проблемалар мен олардың шешу жолдарын ортаға салуды талап етті. Оның айтуынша, көзбояушылық пен жалған есеп беруден гөрі, мәселені ашық айтып, дер кезінде шешу – әлдеқайда маңызды.
– «Өзекті мәселелер осылай ашық айтылуы тиіс. “Проблема жоқ” деген жерде, демек, жұмыс жоқ. Естеріңізде болсын, “Дертін жасырғанға дауа табылмайды», – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Мәжіліс кезінде мамандар әуежай бағытындағы негізгі жол бойында орналасқан көгалдандырылған аймақтарда суғару жүйесі істен шыққанын баяндады. Кейбір учаскелерде су ұңғымалары техникалық ақауларға байланысты жұмыс істемей тұр. Бұл жағдай су тапшылығын тудырып, егілген ағаштардың қурауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ мамандар топырақтың тұздану (сорлану) деңгейі жоғарылаған алқаптардың мәселесін де көтерді. Бұл жағдай өңірдегі көгалдандыру жұмыстарының тиімділігін айтарлықтай төмендетіп отыр.
Атап айтқанда, Теке тас жолының бойы мен Қарашық өзенінің етегіндегі аумақтарда ағын су жетіспеушілігі байқалуда. Осыған байланысты дизельді насостар орнату қажеттілігі туындаған. Облыс әкімінің орынбасары аталған проблемаларды ескеріп, жедел түрде шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
– Суғару жүйесі толық қалпына келгенге дейін ағын су жетпей жатқан аймақтарда арнайы техниканың көмегімен уақытша суғаруды ұйымдастыру қажет. Бұл — шұғыл шара. Сонымен қатар барлық су ұңғымаларының техникалық жағдайын қайтадан толық тексеруден өткізіп, ақауы барларын тез арада қалпына келтіріңіздер. Жұмыс күші жеткіліксіз жерлерге қосымша жұмысшылар тартылуы тиіс. Су жолдары – арықтар мен каналдар – түгелдей тазартылып, су айналымы реттелсін, – деді Нұрбол Тұрашбеков нақты тапсырма бере отырып.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары көгалдандыру науқаны тек көктеммен шектеліп қалмауы тиіс екенін атап өтті. Ағаш отырғызу жұмыстарының күзгі кезеңіне де тыңғылықты дайындық қажет. Осыған орай облыстағы барлық тұқымбақ (питомник) басшыларына күзгі отырғызу маусымына қажетті көшеттер қорын ерте бастан дайындауды тапсырды. Бұл – ағаш отырғызу науқанын кешіктірмей, сапалы әрі жүйелі жүргізудің басты шарты.
– Ағаш отырғызу – маусымдық жұмыс емес, бұл – жыл бойғы жүйелі дайындықты талап ететін экологиялық миссия. Сондықтан барлық тұқымбақ жетекшілері күзгі маусымда отырғызылатын көшеттер қорын алдын ала дайындап, логистика және егілетін аумақтардың суғару жүйесімен қамтылуын қамтамасыз етуі қажет, – деп ескертті әкім орынбасары.
Сонымен қатар мәжілісте «Жасыл аймақ» мекемесінің күнделікті жұмыс жүйесін жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру, техникалық базаны нығайту және бақылау-есеп механизмдерін жетілдіру мәселелері де сөз болды. Мамандардың айтуынша, кейбір учаскелерде техниканың ескіруі, персонал жетіспеушілігі және қаржыландырудағы кідірістер жалпы көгалдандыру жұмыстарының тиімділігіне кері әсерін тигізіп отыр.
Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары барлық деңгейдегі жауапты тұлғаларға көгалдандыру жұмыстарына нақты жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Ендігі кезекте әр аудан, қала әкімдігі көгалдандыру мәселесін өзінің күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруы тиіс.
Жалпы, Түркістан облысында «Жасыл белдеу» қалыптастыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүздеген мың түп ағаш отырғызылып, оларды күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаланы көгалдандыру тек эстетикалық емес, стратегиялық маңызға да ие. Ағаштар мен жасыл желектер ауа сапасын жақсартып қана қоймай, экожүйені қалпына келтіруге, климаттың қолайсыз өзгерістеріне қарсы тұруға ықпал етеді.