Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында шетелдік үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның танымал оқу орындарының бірі – «Woosong» университетінің филиалы бой көтеріп жатыр.
Халықаралық деңгейдегі ІТ-университет Түркістанда ашылады:
Бүгінгі таңда Түркістан облысында аталған жобаны іске асыру бағытындағы жұмыстар қызу жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, құрылыс барысын, оқу үдерісін ұйымдастыру және оқыту бағдарламаларына қатысты жоспарлармен танысты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасына сәйкес, біз Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай «Woosong» университетінің филиалын биыл ашуға ниеттіміз. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Оқу орны толық заманауи оқу құралдары, білікті профессорлық-оқытушылық құрам, техникалық база және инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Бұл – біздің жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Жауапты мекемелерге оқу ордасының құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын, – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.
Жобаның серіктестері және құрылыс барысы:
2024 жылғы 1 сәуірде Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы ресми меморандумға қол қойылған. Бұл құжат Түркістан қаласында ІТ бағытындағы халықаралық жоғары оқу орнын құруды заңды түрде бекітті. Одан бөлек, 2024 жылдың 1 шілдесінде «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» жөніндегі инвестициялық жоба аясында бірлескен қызмет туралы келісім жасалды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Жалпы жоба бойынша ғимаратты 2025 жылдың 15 маусымына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Құрылыс алаңында 130-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Жоспарға сәйкес, маусым айының соңына дейін оқу ғимараты толықтай дайын болады.
Университеттің құрылымы мен бағыттары:
Жаңа оқу орны – ақпараттық технологиялар саласына басымдық беретін жоғары оқу орны ретінде құрылып отыр. Университет ҚР мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендіріліп, оқу бағдарламаларының реестрге енгізілуі бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Болашақта университет құрамында 4 факультет жұмыс істеп, 2340 студентке дейін қабылдай алады.
Филиал келесі бағыттар бойынша мамандар даярлайды:
— Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау;
— Бағдарламалық қамтамасыз ету;
— Төртінші өнеркәсіптік революция (Smart Factory);
— Мультимедиа және веб-дизайн.
Аталған бағдарламалар Кореяның «Woosong» университетінің оқу стандарттарына негізделіп, Қазақстандағы ІТ-саланың қажеттіліктеріне бейімделеді. Оқу үдерісіне шетелдік және қазақстандық тәжірибелі оқытушылар тартылатын болады. Сонымен қатар, студенттер үшін ағылшын тілінде білім беру қарастырылып отыр.
Студенттерге арналған инфрақұрылым:
Университетпен қатар, Түркістанда студенттер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 600 орындық жатақхана салынуда. Бұл нысан жергілікті жеке кәсіпкердің инвестициясы есебінен бой көтеріп жатыр. Қазіргі таңда жатақхана құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл – өңірлік білім инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан болашақ студенттерге гранттар бөлу мәселесі де қаралуда. Бұл қадам өңірдің дарынды жастарына тегін немесе жеңілдікпен білім алу мүмкіндігін береді.
Ынтымақтастық пен білім трансфері:
Айта кетейік, «Woosong» университеті – Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Әсіресе, ІТ, инженерия, бизнес және туризм бағыттарында сапалы білім беруімен әлемдік деңгейде танылған. Оның халықаралық бағдарламалары, академиялық ұтқырлық жүйесі, өнеркәсіппен тығыз байланысы – қазақстандық филиалға да енгізілмек.
Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе жүзеге асыруда. Халықаралық университеттің ашылуы – Түркістанды нағыз білім мен инновация орталығына айналдыру бағытындағы стратегиялық қадамдардың бірі.