Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі, ең қасиетті ұғым, ал Ата Заң – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басты бағдаршысы әрі іргетасын нақтылайтын құжат. Сондықтан дана халқымыз: «Заң бар жерде – тәртіп бар, тәрбие бар, ғылым бар», – деп тегін айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің заң – қасиетті тәуелсіздігіміздің берік тірегі», – деген еді. Сондықтан басты құжат еліміздің бірлігін, адам абыройы мен ар-намысын қорғауды қамтамасыз етеді. Осы негізгі қағидаттар біз үшін баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықтың кепілі болып табылады.
Конституция – кез келген мемлекеттің негізгі заңы, билік жүйесі, құқықтық қатынастар мен қоғамдық өмір осы құжаттың негізінде құрылады.
Мемлекеттің Ата Заңы – тек заңдар жиынтығы емес. Бұл – еліміздің тұтастығының тірегі, халқымыздың бірлігін айқындайтын белгі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың басты кепілі. Ең бастысы, ол – ұлттық тәуелсіздіктің берік негізі.
Тарихта көптеген елдер тәуелсіздікке сыртқы қауіптерге, ішкі келіспеушіліктерге және экономикалық қиындықтарға қарсы тұра отырып жігерлі күрес арқылы жеткен. Алайда, саяси тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтау мен бекіту аса маңызды болып қала береді. Осы орайда Конституцияның рөлі ерекше. Ол мемлекеттің құқықтық негіздерін айқындайды, егемендігімізді нығайтып, билік органдарының қызмет тәртібін және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейді.
Конституцияның басты міндеттерінің бірі – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Себебі бұл құқықтар жоқ жерде шынайы тәуелсіздіктің мәні болмайды. Егер азаматтың жеке басына қысым жасалса немесе оның еркіндігі шектелсе, онда бұл демократия қағидаттарына қайшы келіп, қоғам дамуының жолынан ауытқытады. Конституция дәл осы құқықтарды қорғаудың кепілі, сондай-ақ әділ әрі адамгершілікке негізделген қоғам құруға сенімді іргетас.
Сонымен қатар, Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етеді. Оның ережелерінде мемлекеттің шекарасы, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы және орталық пен аймақтар арасындағы өзара қарым-қатынас принциптері нақты көрсетілген. Бұл нормалар елімізде тұрақтылықты сақтаудың, сондай-ақ сепаратизм мен ішкі алауыздықтың алдын алудың кепілі. Тұрақты құқықтық негіз Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға қызмет етеді.
Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.
Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін, келешегіміз кемел болсын!
Сұлтанбек СИЕЗ,
Шымкент қаласының
қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының бас маманы.