1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балалардың құқықтарын қорғауға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне назар аударуға бағытталған маңызды күн. Аталған мерекемен барша балалар мен олардың ата-аналарын шын жүректен құттықтаймыз!
Жазғы демалыстың басталуымен балалар мектептен босап, еркін уақыттарын көбінесе үйде, аулада, лагерьлерде немесе саяхатта өткізеді. Бұл – олардың физикалық және психологиялық дамуына қолайлы кезең. Алайда, дәл осы мезгілде ата-аналар мен қамқоршылар тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды.
Жаз мезгілінде балалардың суға шомылуы жиілей түсетін уақыт. Өкінішке қарай, әр жылы су айдындарында қайғылы жағдайлар тіркеліп жатады. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі – ересектердің бақылауынсыз қалған балалармен байланысты. Сондықтан балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі аса жоғары.
Ескерту:
• Балаларды өздігінен суға жіберуге болмайды;
• Тек арнайы белгіленген, құтқару қызметі бар орындарда ғана суға шомылуға рұқсат етіңіз;
• Жасөспірімдерге терең суға секірудің, ағысқа қарсы жүзудің қауіптілігін түсіндіріңіз;
• Қайықпен серуендеу немесе су жанындағы ойындар кезінде міндетті түрде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз;
• Алкогольдік ішімдік ішкен адамдардың балалармен бірге суға баруына жол бермеңіз.
Балалардың суға батып кету оқиғасының алдын алу – ең алдымен ересектердің сергектігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сақтық – сақтанғандыкі екенін әрдайым есте ұстайық.
Сонымен бірге ата-аналар мен заңды өкілдерге төмендегі маңызды ескертулерді назарға алуды ұсынамыз:
• Балалардың қайда және кіммен жүргенін әрдайым бақылауда ұстаңыз;
• Интернет кеңістігіндегі белсенділігін қадағалап, оларға цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз;
• Бейтаныс адамдармен араласудан, белгісіз орындарға барудан сақ болуға үйретіңіз;
• Жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылап, қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық қалыптастырыңыз;
• Кәмелетке толмағандарды қылмыстық және құқыққа қайшы әрекеттерге итермелеу жағдайларының алдын алыңыз.
Баланың өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайлардың алдын алу – әрбір ересек адамның азаматтық әрі адамгершілік борышы. Жазғы демалыстың жағымды әрі қауіпсіз өтуі – ата-аналар, мектептер, құқық қорғау органдары мен бүкіл қоғамның бірлескен іс-әрекетінің нәтижесі.
Барша балақайлардың жазғы демалысы қуанышқа, қызықты сәттер мен жарқын естеліктерге толы болсын!
Әрбір баланың бақытты балалық шағы – ел болашағының кепілі екенін естен шығармайық.
Балаларымыз аман болсын, болашағымыз жарқын болсын!
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.