Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова қатысты.
Ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісімді дәріптеуді көздеген жиынды қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Рахманұлы жүргізді.
Клуб мүшелері Абай Балажан, Бақтияр Тайжан және Базаркүл Қалбыр сөз сөйлеп, этносаралық қарым-қатынастар саласында атқарылған жұмыстарды БАҚ беттерінде жариялау жайында өз ойымен бөлісті. Жиынға қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, БАҚ өкілдері, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының студенттері де қатысты.
Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары пысықталды және ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісімді дәріптеу, этносаралық қатынастар саласының негізгі түсініктерін дұрыс қолдану және тәжірибе алмасу жайы, сөз бостандығы, журналистік этика, ақпаратты тексеріп жариялау, журналистердің әлеуметтік мәселелері талқыланды.
– Біз Мемлекет басшысы берген бірқатар тапсырмаларға орай шымкенттік журналистермен ақылдаса отырып, ұсыныс-тілектерін түртіп алуға келіп отырмыз. Этностарға қатысты терминдерді қалай пайдалану керектігі жөнінде арнайы анықтамалық шығардық. Мәселен, ақпарат бөліскенде қылмыскердің ұлтын айтып, этностар арасындағы түсінбеушіліктерге әкелмеу, соның алдын алу керектігін әрбір журналист білуге тиіс.
Әлем бойынша кәсіби және азаматтық журналистика бар. Екі тарап та өз ұстанымына сәйкес әрекет етеді. Кәсіби журналистер ақпаратты сүзгіден өткізсе, азаматтық журналистика өкілдері жылдам таратуға бейім. Біз екеуін де жоққа шығармай, дұрыс бағытта жұмыс істеуге шақыруымыз керек, — дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев.
Ал Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова БАҚ-ның әлеуметтік желіге қарай бет бұрғаны дұрыс деп есептейтінін жеткізді.
–Мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізінде БАҚ-ның рейтінгісі, аудиториясына қарап жұмыс істейміз. Жаман жаңалықты қалай көрсетсе, жақсы жаңалықты да дәл солай қызықтырып көрсетуі тиіс. Президенттік саясатты, білім-ғылымды, мемлекеттік саясатты, заң мен тәртіпті, Конституцияның 30 жылдығы, Ұлы жеңістің 80 жылдығы сияқты тақырыптарды дұрыс насихаттағанына қарай мемлекеттік тапсырыс беріледі, — дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Айгерім Әбдіохапқызы жастарға арналған бірыңғай база жасақталып жатқанын тілге тиек етті. Ол жерден жастар бос жұмыс орындары, жобалар туралы білуіне мүмкіндік алады.
Белгілі журналист, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақтияр Тайжан журналистің жауапкершілігі, ақпаратты сүзгіден өткізу, этносаралық оқиғаларды жазғанда мұқият болу қажеттігін айтты.
Жиын барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев елімізде 5804 бұқаралық ақпарат құралы бар екенін, мерзімді басылымдардың жаңа платформасын ойлап тауып, жаңа технологияларды игеруіміз керектігін алға тартты.
Журналистердің әлеуметтік мәселесін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Абай Балажан көтерді.
– 6 мыңдай БАҚ бар, 6 мыңдай білікті журналист жоқ. Өйткені, мардымсыз жалақыға ешкім істемейді. 127 мың теңгеге білікті адам келмейді ғой. Журналист өзінің беделін көтере алмай жүріп, бір мемлекеттің беделін қалай көтереді?! Не мемлекеттік қызметшіге, не бюджеттік қызметкерге, не мәдениет саласының қызметкеріне жатпайды. Қоғамдағы ең өгей саланың өкілі – ол журналист. Не үйдің кезегіне тұра алмайды. Бәрінің жалақысы көтерілген кезде, оның жалақысы тұра береді. Көтерілмейді. Қазір газетте істейтін адам жоқ. 4-5 жас журналист алдым, ешбірі тұрақтап қалмады. «Оданша кафеде даяшы болып екі есе айлық аламын» деп кетіп қалды, — деді журналистердің жанайқайын жеткізген Абай Балажан.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
«Шымкент келбеті»