Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күні қарсанында ТЖМ құтқарушылары Шығыс Қазақстан облысы ТЖД басшылығымен Риддер қаласы маңында орналасқан Иванов жотасындағы теңіз деңгейінен 2630 метр биіктікте орналасқан «Үш ағайынды» тау шыңына патриоттық мақсатта көтерілді.
«Бұл тау шыңына көтерілу – альпинистік дайындықтың негізгі бөлігі әрі қиын жағдайларда қозғалу дағдыларын жетілдірудің жолы. Жас құтқарушылар биіктікте зардап шеккендерді тасымалдау әдістерін, заманауи жабдықтарды қолдануды үйренеді», — деді ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Шара барысында қатысушылардың алдында бірнеше міндет тұрды: альпинистік дайындықты шыңдау, жас құтқарушыларға биік тауда тіршілік ету тәсілдерін үйрету, моральдық-психологиялық төзімділікті арттыру және альпинистік жабдықтарды сынақтан өткізу. Іс-шара аясында жедел-құтқару жасағының жас қызметкерлері төмен температура жағдайында дала лагерінде өмір сүруге де машықтанды..
Барлық құтқарушылар тапсырмаларды сәтті орындап, 2600-ден астам метр биіктікте ҚР ТЖМ туын тікті.