Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылғы 21 қарашада № 13-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңға сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша үш кассациялық сот құрылатын болады. Кассациялық саты сот ісін жүргізудің маңызды бөлігі болып табылады. Бұрын бұл функцияларды облыстық соттар атқарды, олар апелляциялық сатының рөлін де орындаған.
Уақыт өте келе, мұндай модельдің тиімсіздігі анықталды. Сондықтан кассациялық сот өндірісі Жоғарғы сотқа берілді. Дегенмен, көптеген шет елдерде Жоғарғы соттың негізгі міндеттерінің бірі – нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот тәжірибесін талдау және біріздендіру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс көп уақыт пен күшті талап етеді. Осыны ескере отырып, тәуелсіз және дербес кассациялық соттар сияқты жаңа құрылымдарды құру туралы шешім қабылданды.
Тәуелсіз кассациялық соттың құрылуы сот төрелігінің сапасын және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, кассациялық сотты енгізу азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып, сотқа кететін шығындарды азайтпай, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңа соттар сот жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде түпкілікті шешімдер шығаратын болады. Жоғарғы сот сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуге басты назар аударады. Жаңа соттардың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – олардың елордада орналасуы, бұл олардың тәуелсіздігін нығайтады. Сонымен қатар, жаңа соттар «бірыңғай кассациялық» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады, яғни шағымдарды алдын ала қарау процесі жойылып, олар тікелей өндіріске қабылданады және мәні бойынша қаралады. Алқа 3 соттан құралады. Сот процесі жазбаша хат алмасу түрінде емес, дәстүрлі түрде, ауызша, тараптарды шақыру арқылы жүргізіледі.
Егер төменгі сатыдағы соттың шешімі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сот оны жойып, істі қайта қарауға жібереді немесе түпкілікті шешім қабылдайды. Кассациялық сотта қаралған істен кейін оған қайта шағымдану мүмкіндігі болмайды, сондықтан кассациялық соттың шешімі – бұл соңғы шешім. Істер кассациялық сотта үш судьядан тұратын алқаға беріледі және алты ай ішінде қаралады. Сот талқылауы тараптардың қатысуымен ауызша түрде өтеді.
Сондықтан, әр азаматтың бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда ісін қарату құқығы бар. Кассациялық соттың негізгі функциясы – заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау. Апелляциялық соттан айырмашылығы, кассациялық іс жүргізу жаңа фактілерді анықтауға емес, сот шешімдерінің заңдылығын және дұрыстығын тексеруге бағытталған. Кассациялық сот құқық нормаларының дұрыс қолданылуын, төменгі сатыдағы соттың қорытындыларының іс материалдары мен белгіленген фактілерге сәйкестігін жан-жақты тексереді, сонымен қатар, ел бойынша заңдардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл реформа сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына ықпал етіп, сотқа деген сенімді одан әрі арттыратынына сеніміміз мол.
Ердос СЛАМБЕКОВ,
Түркістан облысы,
Мақтаарал аудандық сотының судьясы.