Осака қаласында 158 ел мен 9 халықаралық ұйымды біріктірген ауқымды халықаралық оқиға – Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі басталды. Көрме 2025 жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтеді, деп хабарлады «QazExpoCongress» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Көрменің басты тақырыбы — «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру». Ол үш бағыт арқылы ашылады:
«Өмірді құтқару»;
«Мүмкіндіктерді кеңейту»;
«Өмірді біріктіру».
Көрменің ресми рәсіміне Жапония императоры Нарухито мен премьер-министр Сигэру Исиба қатысты. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев басқарды.
Ұлттық павильон Оңтүстік Корея, Германия, Люксембург, Непал, Әзірбайжан, Иран, Монако және Түркия сияқты елдердің павильондарына жақын орналасқан «Өмірді біріктіру» тақырыптық кластерінде орын алды.
EXPO 2025 көрмесіндегі Қазақстан павильоны – бұл цифрлық ғалам, онда жаңа технологиялар елдің мәдениеті, тарихы мен болашағына жолдама болады. Шаңырақ символына негізделген тұжырымдама интерактивті аймақтарды біріктіреді: көп қырлы мұраны ашатын 3D мэппингтен бастап, келушілердің жүздері біртұтас визуалды кенепке біріктірілген иммерсивті проекциялық шоуға дейін. Экспозицияның әрбір элементі – Қазақстанның экология, туризм, инновация және тұрақты даму саласындағы әлеуетін зерттеуге тартатын қонақпен диалог іспеттес.
Елдің инвестициялық және экономикалық әлеуетін көрсетуге ерекше назар аударылды: негізгі салалар, табиғи ресурстар, туристік және инновациялық әлеует, сондай-ақ «жасыл» энергетика және тұрақты даму саласындағы жетістіктер ұсынылды. Павильон диалог, мәдени алмасу және жаһандық деңгейде жаңа серіктестіктер орнату үшін заманауи алаңға айналуға арналған.
Сондай-ақ, павильонда ағзаларды трансплантациялау және оқшауланған мүшелерді емдеу саласындағы жаңалық – ALEM (Astana life Ex-situ Machine) инновациялық құрылғысы ұсынылған. Жетекші қазақстандық медициналық зерттеушілер мен инженерлер әзірлеген ALEM донорлық органдарды оқшауланған мүшеде қажетті араласулар мен мақсатты емдеу жүргізу мүмкіндігімен 24 сағаттан артық сақтауға мүмкіндік береді. Бұл жаңалық регенеративті медицинада өмірді құтқару мүмкіндіктерін кеңейтетін жаңа дәуірді белгілейді.
Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды дүние. Себебі, трансплантология саласындағы басты мәселелердің бірі – ағзаларды дер кезінде жеткізу. Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4-6 сағат сақталса, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайға барынша тиімді орта жасап, қажетті температураны сақтап, қанды оттегімен қанықтырып, өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Донорлық жүректі сақтау және тасымалдауға арналған құрылғы «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылған.
«Біз ауа райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі уақытында ала алмай, күрделі жағдайға тап болдық. Сол кезде Қазақстан үшін қолжетімді әрі тиімді болатын өз жүйемізді жасау идеясы туындады», – дейді жоба жетекшісі, UMC басқарма төрағасы Юрий Пя.
Expo-2025 көрмесіне қатысу – трансплантологияны дамытудың маңыздылығын жеткізу, кәсіби қауымдастықты ортақ мақсат жолында біріктіру, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және технологиялық әлеуетін көрсету мүмкіндігі. Мұндай пікірді «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров та алға тартып отыр. Қор кардиология, кардиохирургия және трансплантология салаларында озық технологияларды, білім беру бастамаларын және ағартушылық жобаларды қолдау арқылы инновацияларды дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
«Бұл – Қазақстан үшін тарихи сәт. Біз халықаралық деңгейдегі көрмеде алғаш рет осындай ауқымды медициналық жобаны – ALEM құрылғысын көпшілік назарына ұсындық. Дүниежүзілік көрмеге қатысу әлем бойынша трансплантология мүмкіндіктерін кеңейтіп, инновациялардың маңыздылығына назар аудартып, дәрігерлерді, ғалымдарды және инженерлерді біріктіріп, адам өмірін сақтап қалу жолында жаңа шешімдерді бірлесе іздеуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – әзірлемені жұртшылыққа жай ғана көрсету емес, жаһандық технологиялық және медициналық прогрестің бір бөлігіне айналу», – деді Мұрат Зауыров.