Республиканың заңгерлік қоғамдастығы кассациялық соттарды құру мәселесін ұзақ уақыт бойы талқылап келді. 2023 жылы кассациялық соттарды ұйымдастыру концепциясы ұсынылды. 2024 жылдың 5 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заңға қол қойды. Басқа өзгерістермен қатар, Республиканың конституциялық заңы «Қазақстан Республикасының Сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған заңға кассациялық соттардың құрылуы туралы бөліммен толықтырылды. Заңнамаға енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Заңда кассациялық соттарды Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Сот Кеңесімен келісім бойынша құратыны, қайта ұйымдастыратыны, атауын өзгертіп, таратуы қарастырылған.
Кассациялық соттың өкілеттіктеріне кассациялық сатыдағы сот ретінде сот істері мен материалдарын қарау, сот практикасын зерттеу және оны жалпылау нәтижесінде төменгі сот сатыларының заңдылықты сақтау мәселелерін қарастыру, сондай-ақ кассациялық сатыдағы сотқа тән басқа да міндеттерді орындау кіреді.
Істер тікелей кассациялық инстанцияға жіберіледі, ал сот алқасы үш судьядан тұрады. Қаралған сот актілерін қайта қарау алдын ала қараусыз, тараптарды ауызша сот процесіне шақыра отырып жүзеге асырылады. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспауы тиіс.
Кассациялық соттың судьясы болып, аталған баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін, заң саласында кемінде он сегіз жыл еңбек өтілі немесе судья ретінде кемінде сегіз жыл жұмыс тәжірибесі, оның ішінде облыстық соттың судьясы ретінде кемінде үш жыл еңбек өтілі бар азамат тағайындалуы мүмкін.
Кассациялық сот судьяларының жалпы санын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы негізінде бекітеді.
Әр кассациялық сот үшін судьялар санын уәкілетті органның ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы Жоғарғы Сот Кеңесімен келісім жасай отырып анықтайды.
Кассациялық соттарды құру сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын жақсартуға ықпал етеді. «Тұтас кассация» моделін енгізу тек әкімшілік әділет істері бойынша ғана емес, сонымен қатар басқа сот ісін жүргізу түрлері бойынша сот процесіне қатысушыларға барлық сот инстанцияларында тыңдалуға мүмкіндік береді. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттырады.
А.РУСТЕМОВА,
Шымкент қаласы
кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.