2020 жылдың 29 маусымында қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі әртүрлі платформаларда ұзақ әрі жан-жақты талқыланып, заңгерлер қауымдастығы үшін және құқықтық мемлекеттігіміздің әрі қарай дамуы үшін маңызды болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот билігі азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген басқа да нысандар арқылы сотта іс жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мемлекет пен азамат арасындағы даулар жалпы соттарда, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қаралуда.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап олардың барлығы әкімшілік соттардың құзыретіне өткенін білесіздер.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады. Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастар, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі осы Кодекс арқылы реттеледі. Кодекстің негізгі мақсаты – мемлекеттік органға дау айтып, құқықтарын қорғауға ұмтылатын жеке және заңды тұлғалардың жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарастыру тәртібін анықтау.
Әкімшілік рәсімдердің негізгі міндеттері: жеке және заңды тұлғалардың жария-құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық жүзеге асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгерімін қамтамасыз ету; тиімді және ашық мемлекеттік басқаруды, соның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуын қамтамасыз ету; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі мақсаты – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау туғызатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру. Бұл міндеттерді орындау барысында әкімшілік істер әділ, бейтарап және уақытында шешілуі тиіс. Әділдік қағидатына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды тұлға және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтап, әкімшілік іске қатысушыларға өз құқықтарын толық зерттеуге тең мүмкіндік пен жағдай жасауға міндетті.
Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар – бұл жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органмен немесе лауазымды тұлғамен қабылданған шешімдеріне келіспеушілігі. Сотқа талап қою арқылы бұзылған немесе дау туғызатын құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында жүгінеді.
Талап қоюшының қойған талаптарына байланысты Кодексте талап қоюдың төрт түрі қарастырылған: дау айту, мәжбірлеу, әрекет жасау және тану туралы.
Мысалы, егер азамат өз құқықтарын шектейтін әкімшілік актіні толығымен немесе оның бір бөлігін жоюды талап етсе, ол дау туралы талап қоюға құқылы. Бұл жағдайда талапты дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні шығарған жауапкерге жүктеледі.
Мәжбүрлеу туралы талап мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға талап қоюшы үшін қолайлы әкімшілік актіні қабылдауға немесе оған ауыртпалық түсіретін актіні қабылдамауға қатысты білдірілуі мүмкін. Мұндай жағдайда талапты дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бойынша жауапкерге, ал қолайлы әкімшілік актінің қабылдануына негізделген фактілер бойынша талап қоюшыға жүктеледі.
Әрекет жасау туралы талап органға немесе лауазымды тұлғаға белгілі бір әрекеттерді орындауды немесе олардан бас тартуды талап ету үшін беріледі. Бұл талап әкімшілік актінің қабылдануына қатысты емес. Әрекет жасау туралы талап қоюда талапты дәлелдеу міндеті сұратылып отырған әрекеттен (немесе әрекетсіздіктен) бас тарту үшін негіз болған фактілер бойынша жауапкерге, ал қолайлы фактілер бойынша талап қоюшыға жүктеледі.
Тану туралы талап бойынша талапкер қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екендігін тануды сұрай алады. Бұл талап, егер басқа барл мәселені шешуге жарамсыз болса, беріледі. Тану туралы талап қоюда дәлелдеу ауыртпалығын құқықтық қатынастың бар немесе жоқтығын растайтын фактілер бойынша талап қоюшы, ал заңды күші жоқ әкімшілік актінің немесе жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сай екендігін негіздейтін фактілер бойынша жауапкер көтереді.
Сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі қағидаты – соттың белсенді рөлі.
Сот әкімшілік процестің қатысушыларының түсініктемелері, арыздары, өтінішхаттары, олар ұсынған дәлелдер мен әкімшілік істің басқа материалдарымен шектелмей, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызды барлық фактілерді жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуі тиіс. Судья әкімшілік істің нақты немесе заңды аспектілеріне қатысты құқықтық негіздемелер бойынша алдын ала құқықтық пікірін білдіруге құқылы. Сот өз бастамасымен немесе әкімшілік процестің қатысушыларының негізделген өтінішхатымен қосымша материалдар мен дәлелдер жинай алады, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған басқа да әрекеттерді орындайды.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бұзылуы, оның сипаты мен маңыздылығына байланысты, әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкелуі мүмкін екенін ескеру керек.
Б.КАИПОВ,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.