Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде тері өңдеу мен оны экспорттауға қатысты түсінік берді,-деп хабарлайды «NEWQAZAQ.KZ сайты АСТАНА. KAZINFORM жаңалықтарына сілтеме жасап.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
— Қазақстандағы тері өңдеу нарығының қазіргі жай-күйіне тоқталсақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2 548,5 мың ІҚМ терісі өндірілді. Оның 8 пайызы (208,3 мыңы) қайта өңдеуге жіберілген, ал 13,7 пайызы (349,6 мыңы) Ресейге, Түркияға, Қырғызстанға, Нигерияға экспортталды және 4,5 мың тері Ресей Федерациясынан импортталған, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, терінің 78 пайызы (1 997,1 мыңы) өңделмеген қалдық күйінде қалған. Осылайша, ІҚМ тері шикізатының 8 пайызы ғана өңделеді, яғни шикізат көлемі саланың өңдеу мен өткізу мүмкіндігінен айтарлықтай жоғары.
Республикада теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығы 3,3 млн-ға дейін ірі қара мал терісін, ұсақ малдың 4 млн-нан астам терісін өңдеуге мүмкіндік береді. 2023 жылы олардың жүктелуі 6,3% болды.
— Тері өңдеу саласының дамуын тежеп тұрған себептерге келетін болсақ, оларға кәсіпорындардың айналым қаражатының тапшылығы, өндірілген өнімді өткізу нарықтарының шектеулігі, сапалы шикізаттың жеткіліксіздігі жатады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарда тері өңдеуші кәсіпорындарға шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам мал терісін дайындайтын әрі жинайтын пунктер ашу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған. Одан бөлек, Кешенді жоспар аясында теріні тереңдете өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзелген және оны ынталандыру үшін жаңа кәсіпорындарды салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде мал терілерін өңдеу кәсіпорындарының шығындарын өтеу көзделген. Инвестициялық салымның өтеу үлесі 25%, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұдан басқа, Кешенді жоспар бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындарға (соның ішінде теріні өңдейтін кәсіпорындарға) негізгі және айналым қаражатты толықтыру үшін жеңілдетілген несие беру қарастырылған.
— Аталған шаралар тері-жүн өңдеу кәсіпорындарының жұмысына оң ықпалын тигізіп, қазіргі кезде болып отырған негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, — делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.
https://kaz.inform.kz/news/r-kara-mal-tersnn-78-i-ondelmeyd-sheshm-kanday-6cafc5/