Түркістан облысының Өңірлік кеңесі – бизнесті дамыту және кәсіпкерлерді қолдауда маңызды рөл атқаратын орган. Кеңес кәсіпкерлікті дамыту үшін консультациялық, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетіп, бизнес-климатты жақсартуға бағытталған бастамалар әзірлейді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, кеңес мүшелері өз саласының ерекшеліктерін терең түсінетін тәжірибелі мамандар. Олар бизнесті қолдау және дамыту үшін тиімді шешімдер ұсына алады:
«Өңірлік кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру – өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды қадам. Бұл әртүрлі кәсіпкерлік қауымдастықтарының проблемаларын жан-жақты түсінуге және оң шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Кеңес өкілдері жергілікті экономиканы жақсарту және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл бизнес қауымдастығын шешім қабылдау процесіне тартудың қаншалықты маңызды екенінің жарқын мысалы», – деді ол.
Сайлау барысы және үміткерлер
Өңірлік кеңес мүшелерін сайлау өткен жылдың соңында үміткерлерді тіркеуден басталды. 2025 жылдың 27-29 қаңтары аралығында сайлау өтуде. Кеңеске мүше болуға 42 үміткер тіркелген. Нәтижесінде 23 кәсіпкер кеңес құрамына сайланып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін белсенді жұмыс істейтін болады.
Дауыс беру процесі Өңірлік сайлау комиссиясының қадағалауымен өтуде. Бұл шараның ашық әрі әділ ұйымдастырылуы кәсіпкерлер мен қоғам арасында сенімділікті арттыруға бағытталған.
Бүгін Туризм жөніндегі салалық кәсіпкерлер кеңесі мен Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша салааралық кеңестің делегаттары сонымен қатар, Бәйдібек ауданы, Жетісай, Қазығұрт, Келес, Мақтарал аудандары Кеңесінің өкілдері Өңірлік кеңес мүшелігіне сайлауы өтті. Бұл шешім түрлі саладағы кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға және олардың қажеттіліктерін ескеруге бағытталған қадам.
Өңірлік кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге белсенді қатысып, аймақтық экономиканы дамыту үшін тұрақты алаңға айналуды көздейді.