Сыбайлас жемқорлықпен күресу кез келген мемлекеттің ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы зұлымдықпен күресу.
Президентіміздің Жолдауының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттің органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттің органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындаулын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы орайда мемлекетіміздің алға қойған мақсаттары мен талаптарын жүзеге асыру барысында Шымкент қаласы ТЖ департаментінде, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде сыбайлас жемқорлықпен күресу, жолын кесу үшін тұрақты түрде бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Мекемеде семинар, дөңгелек үстел, дәріс өткізу жолға қойылған. Сонымен бірге, құқықты түсіндіру жұмыстары басқарма қызметкерлерімен ғана емес, басқа да заңды тұлғалармен де өткізіліп отырады. Жүйелі түрде жүргізіліп отырған іс-шаралардың нәтижесінде басқарма қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бермей келеді.
Осы орайда Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде сенім телефоны- 8(7252) 95-57-06 жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, ТЖ департаментінің басшы құрамы аптаның сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғам мен мемлекет үшін ерекше мәселе болып табылады. Мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары өз құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс. Болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны дұрыс.
Қ.БАЗАРБАЕВ,
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығы,
генерал-майор.