Жақында Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотында құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдерімен «Күзетпен ұстаудың мерзімін ұзартудың кейбір мәселелері бойынша және олардың қарау мерзімдерін сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Ісшараға Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьялары Ғ.Мынбатыров, Н.Саркулов, Қ.Анарбаев, СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу басқармасының бөлім басшысы Ж.Қалеш, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Б.Караманов, Абай аудан прокурорының орынбасары С.Курбанбаев, Еңбекші аудан прокурорының орынбасары Н.Сулейменов, Қаратау аудан прокурорының орынбасары Е.Садибеков, Әл-Фараби аудан прокурорының орынбасары Б.Ештаев, Шымкент ҚПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Н.Астанакулов, Әл-Фараби АПБ-ның орынбасары Б.Қалмұрат, Абай АПБ-ның Тергеу бөлімінің басшы орынбасары Е.Кульбаев, Еңбекші АПБ-ның Тергеу бөлімінің басшы орынбасары Е.Каттабеков, Қаратау АПБ-ның Тергеу бөлімінің басшы орынбасары К.Дильманов, Тұран АПБ-ның Тергеу бөлімінің басшысы Р.Мади, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2-Тергеу басқармасының басшы А.Орынбек қатысты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 24 қаңтар 2020 жылғы «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы»№1 Нормативтік қаулысының 2-бөлігіне сай бұлтартпау шарасын санкциялау, сондай-ақ оның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдау кезінде тергеу судьясы күдіктінің, айыпталушының Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабында кепілдік берілген, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 9-бабында жарияланған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларында көзделген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі қажет деп атап көрсетілген.
Осы Нормативтік қаулының 15-бөлігіне сай тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қараған кезде ҚПК-нің 151-бабында белгіленген мерзімдердің сақталуын ғана ескеріп қоймай, одан әрі күзетпен ұстау қажеттігін куәландыратын нақты мән-жайларды, осы бұлтартпау шарасын санкциялау үшін негіз болған мән-жайлардың жойылған-жойылмағандығын және өзгерген-өзгермегендігін анықтауы тиіс. Тергеу судьясы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттілігінің себебі бойынша күзетпен ұстау мерзімін ұзарта отырып, сотқа дейінгі тергеу органының тергеу әрекеттерін жүргізуді жалғастыру туралы дәлелдерінің негізділігін тексеруге міндетті.
Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу сотының алдында бірнеше рет қозғалған жағдайда және алдыңғы өтінішхаттарда көрсетілген тергеу әрекеттерін орындау қажеттілігінің уәждері бойынша судья олар жүргізілмеген себептерді анықтауға міндетті. Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулысында осы бұлтартпау шарасы ұзартылған мерзім, сондай-ақ осы мерзімнің аяқталу уақыты минутына дейінгі дәлдікпен көрсетілуге тиіс. Күдіктіні күзетпен ұстау мерзімінің аяқталуы оны ұзарту үшін негіз болып табылмайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күзетпен ұстау мерзімін ұзарту үшін негіздерді растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынуға міндетті.
Құқық қорғау органдары күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының мерзімін ұзарту туралы өтінішхат қабылдағанда, онда нақты мән-жайларды көрсетіп, ұзартуға негіз болған себептерді көрсете отырып, олар іс-құжаттармен дәлелдену арқылы жолдау қажет.
Алайда, күдіктіге қатысты мерзімін ұзарту туралы бұлтартпау шарасына санкция беру кезінде кейбір органдар заң талаптарына сай өтінішхат түзбей жолдау жәйттері орын алып, ол Тергеу сотымен қанағаттандырусыз қалдырылып, тергеушіге қатысты жекеше қаулы қабылданған.
– Күзетпен ұстаудың мерзімін ұзарту жөнінде өтінішхаттарды қарау кезінде іс-құжаттардың сотқа жолдану мерзімдері сақталғанына мән беріледі. ҚПК-нің 152-бабында сай тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарауы және мерзімдерді есептеуі кезінде тергеу органы мен прокуратура органы мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттың уақытылы жолдағанын, өтінішхатта мерзімін ұзартуға себеп болған нақты мән-жайлар болғанын және тағы басқаларды тексеруге құқылы,- деді судья Ғ.Мынбатыров.
Сонымен қатар, ол өз сөзінде сотқа қатысушы прокурор күдіктіге қатысты мерзімін ұзартудың себептерін нақты көрсетіп, сот отырысына дайын болып келу қажет. Бұған дейін сот отырысында күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартуға санкция беру жөніндегі өтінішхатты қарау барысында іске қатысушы прокурордың толық дайын еместігі анықталып, оған ескерту жарияланды, сондықтан алдағы уақытта мұндай жәйттер қайтанбауы тиіс, себебі прокуратура қадағалаушы орган болып табылады,- деп нақтылап кетті.
Арыздарды қабылдау барысында негізінен Тіл туралы заңды басшылыққа ала отырып, заң талаптарына сай қабылдауды сұраймын. Себебі, сотқа ұсынылған істерді қарау барысында іске қатысушы тараптар мен қылмыстық іс жүргізіліп отырған тілмен қарама-қайшылық тудырады. Арызданушы қазақ тілін жақсы меңгерсе, оның қорғаушысы орыс тілін жақсы меңгерген және өз кезегінде қорғаушы арыздар мен өтінішхаттарды орыс тілінде беріп отырады. Сондықтан жоғары тұрған басшылыққа ұсыныс енгізу қажет деп санаймын. Себебі алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайлар қайталануы мүмкін.
– Тіл мәселесі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында қиындықтар туындап тұрады. Іс бойынша күдікті қазақ тілін жақсы білетін болса, оның адвокаты орыс тілін жақсы меңгерген және оның мүддесін қорғау кезінде тек орыс тілінде арыздар мен өтінішхаттар беріп отыратын жәйттер аз емес. Осының салдарынан істі тергеу барысында аудармашыны қатыстыру, құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне аудару сияқты қосымша жұмыстар пайда болады, сол себепті осы мәселені қолға алу қажет,- деді Қаратау аудан прокурорының орынбасары Е.Садибеков
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірлері тыңдалып, күн тәртібіне қойылған тақырыптар бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды талқыланды.
Құқық қорғау органдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын қадағалап, іс бойынша нақты тапсырмалар беріп, тараптарды әуре-сараңға салдырмай, заң талаптарына сай жұмыс жасауын қадағалап отырса, халықтық сотқа деген сенімдерінің артатыны сөзсіз.
Сержан АЙНАБЕКОВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.